Accessibility links

СІМ Ресейге микрочип экспорттау жөнінде: Батыстан шағым түскен жоқ, тауар тұтынушыға жеткенге дейін қадағаланады


Қазақстан Ресейге салынған санкция бойынша кез келген мәселеге дер кезінде реакция білдіру үшін Еуропаның және Американың құрылымдарымен тұрақты түрде байланыста отыр. Әзірше Батыс елдерінен Қазақстанға шағым түскен жоқ. 10 наурыз күнгі брифинг кезінде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко осылай деп мәлімдеді.

Бұған дейін Bloomberg басылымы Ресей санкцияны айналып өтіп, үшінші елдер арқылы, оның ішінде Қазақстанның да көмегімен Еуропадан микрочиптер сатып алып жатқан болуы мүмкін деп жазған еді.

"Біз бір жыл бұрын да айтқанбыз. Қазақстан санкцияны халықаралық саясат құралы ретінде қолдамаса да, санкцияны біздің аумақ арқылы айналып өтуге септеспейді. Қазақстанға Батыс елдері жағынан бұл мәселе бойынша шағым түскен жоқ" деді СІМ өкілі.

Азаттық тілшісі министрлік өкілінен Қазақстаннан Ресейге көп электроника тауары экспортталып жатқанын көрсететін статистика жөнінде де сұраған. Василенко "кейінгі жылдары Қазақстанға әкелінген және Қазақстаннан шығып жатқан тауар ағыны өзгергенін" алға тартып, мұны "тауар тасымалы тізбегі бұзылғанынан" деп түсіндірді.

"Қазақстанға тауарлар Еуропа елдері ғана емес, Қытай, Үндістан, Вьетнам сияқты елдерден де тіке келіп жатыр. Бұған қоса, Қазақстаннан Ресейге экспорт көлемі артқаны байқалады, бірақ экспортталатын тауардың көбі санкцияға қатыспаған елдерде өндірілген" деді Василенко.

"Қазақстан тауар Ресейге жеткізілгеннен кейін олардың әскери мақсатта пайдаланбауын қалай қадағалайды?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына Василенко "түрлі мақсатта пайдаланылуы мүмкін тауар тұтынушыға жеткенге дейін қадағаланады" деді.

Қазақстанда былтыр тамызда әскери техника, қару-жарақ және әскери мақсаттағы өнімдерді экспорттауға 2023 жылғы тамызға дейін тыйым салынды. Түрлі мақсатта қолданылуы мүмкін тауарды қадағалаумен сауда министрлігі мен инфрақұрылымдық даму министрлігі қадағалайды.

Наурыз басында Bloomberg басылымы Украинада соғыс басталғалы бері Қазақстаннан Ресейге жіберілетін тауар көлемі 25 пайыз артқанын жазған. Женевада шоғырланған Сауда мәліметтеріне мониторинг жүргізу халықаралық агентттігінің дерегінше, мысалы, Қазақстан 2022 жылы Ресейге құны 3,7 миллион доллар болатын микрочиптер мен жартылай өткізгіштер сатқан. 2021 жылы бұл көрсеткіш небәрі 12 мың доллар болған.

2021 жылы Қазақстаннан Ресейге құны 471 миллион доллар болатын көлік құралдары, жабдықтар сатылса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 4,5 есе ұлғайып, 2 млрд долларға жеткен.

  • Ақпанның аяғында АҚШ, Еуроодақ және Ұлыбритания БАӘ-ні Ресейге қайта тауар экспорттауды тоқтатуға, әсіресе Украинамен соғысты жалғастыруға пайдаланылатын электрониканы бермеуге үндеген.

XS
SM
MD
LG