Accessibility links

Риддер ЖЭС-інде өрт болды. Әкім станцияны коммуналдық меншікке алу керек деп есептейді


Риддердегі жылу электр орталығы. 7 қараша, 2022 жыл
Риддердегі жылу электр орталығы. 7 қараша, 2022 жыл

21 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығының екі қазандығынан өрт шықты. 50 мыңдай тұрғыны бар қалада наурыз айында осымен екінші рет апат болып отыр. Бұл жолы да тұрғын үйлерде жылу бәсеңдеп кетті.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов пен Риддер әкімі Дмитрий Горьковойдың Instagram-дағы парақшаларында тұрғындар "суық үйде отырғанын" жазды.

"Батарея мен су суық. Ал далада температура минус. Кеш батса да, жылу қалпына келмеді, жұрт қалтырап отыр!" дейді пікір қалдырушылардың бірі Анастасия Свирина.
Даниал Ахметов осы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.

– Мәселенің жалғыз шешімі – жылу орталығын коммуналдық меншікке беру. Келесі аптада жиналыс өткіземін, станция иелерінің нақты ұсыныстарын тыңдаймын. Бірақ өз тарапымыздан күрделі жөндеу жүргізу және орталықты жаңа жылыту маусымына дайындау үшін заңнамалық түрде коммуналдық меншікке алу шараларын бастаймыз, – деді әкім.

Оның айтуынша, жыл басында келген жаңа инвесторлар "жабдықты жөндеуге, дебиторлық берешекті өтеуге қаражат бөлмеген".

Әкім қазір екі қазандық істеп тұрғанын, ал тоқтаған екі қазандық жақын арада іске қосылатынын айтты.

Жылу электр орталығында 17-18 наурызда да қазандықтар істен шыққан. Сол кезде қала әкімі Дмитрий Горьковой станцияда "қуат кабельдері тұйықталғанын", тек екі қазандық қана істеп тұрғанын айтқан. Радиаторлардағы судың қалыпты температурасы 80-100 градус болуы керек, ал тұрғын үйлерде ол 40 градусқа дейін түскен.

Риддер жылу электр орталығына 22 мыңнан астам отбасының тағдыры байлаулы. Станция жылыту маусымы басталған қазаннан бері апат жағдайында жұмыс істеп келеді. Мұнда жиі-жиі өрт болады. Былтыр жыл соңында қалада жергілікті деңгейде техногендік сипаттағы төтенше жағдай енгізіліп, үш айдан соң, биыл ақпанда ғана алып тасталған.

Қаңтардың аяғында орталыққа жаңа инвестор келді, бірақ жағдай әлі түзелмеді.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов станция жұмысы оның бұрынғы иесінің "салғырттығынан" нашарлады деп есептейді. Былтыр қарашада облыс прокуратурасы жылу электр орталығының бұрынғы иесі – Green Energy Q компаниясына қатысты "немқұрайдылық" бабымен тексеру бастаған, бірақ тексеру нәтижесін әлі жарияламады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG