Accessibility links

"Феминизмге жол беріңіздер!" Астанада жүздеген адам әйелдер шеруіне қатысты


8 сәуірде Астанада шамамен 400 адам әйелдер шеруіне қатысты. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы акцияға қатысушылар Жазушылар аллеясынан бастап Абай даңғылы бойымен Пушкин және Құдайбердіұлы көшелерінің қиылысындағы алаңға шерулетіп барды. Акцияны өткізуге әкімдік рұқсат берген. Бірақ шеру кезінде көлік қозғалысын шектеуге уәде берген билік кейінгі сәтте онысынан айнып қалды.

Акцияға қатысушылар шеру кезінде "Масқара!", "Жолды жабыңдар!", "Феминизмге жол беріңдер!" деп айқайлады. Полиция оқиғаны сырттай бақылап тұрды.

Шеруден кейінгі өткен митингіде әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтуді және бопсалау бабына қылмыстық қудалауды қолдануды талап етті. Атап айтқанда, олар "ұрып-соғу" және "денсаулыққа жеңіл дәрежеде зақым келтіру" бабын Әкімшілік кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстыруды талап етті. Бұған қоса, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі Стамбул конвенциясын ратификациялауды талап етті.

– Заң бізді қорғамайды. Полиция күш көрсетуге көз жұма қарайды. Арызды алып алуға үгіттейді. Бұған көз жұма қарамауымыз керек, – деді ұйымдастырушылардың бірі Ақмарал Жәкібаева.

Алматыдан барған белсенді, Feminita тобының негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаева митинг кезінде парламентте, мәслихатта және басқару органдарында әйелдердің үлесі өте аз екенін айтты.

19 наурыз күнгі парламент сайлауынан кейін мәжіліске 18 әйел депутат болып сайланған. Парламенттің төменгі палатасында барлығы 98 депутат бар.

БҰҰ мәліметінше, Қазақстан жыл сайын шамамен 400 әйел күйеуінің немесе серігінің қолынан қаза болады. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келе жатқанын мәлімдеген. Ресми мәлімет зорлық-зомбылық тыйылмағанын көрсетіп отыр.

XS
SM
MD
LG