Жаңаөзенде 4 сәуірден бері жұмыс сұрап, қала әкімдігі алдына қонып жүрген адамдарға жексенбінің түнінде әлдекімдер қоқан-лоқы жасаған. Олар жұмыссыздардың "төсеніштерін тартып алып, бірнеше адамға қол жұмсаған". Жаңаөзен қалалық полициясы қоқан-лоқы жасалғанын растады. Полицияның дерегінше, "қоқан-лоқы жасағандар Қаңтар оқиғасы қайталанбағанын көздеген".
Жаңаөзенде жұмыссыз қала тұрғындары 4 сәуірден бері қалалық әкімдік алдына жиналып, тұрақты жұмыс сұрап тұрған еді.
Кеше, 9 сәуір күні сағат 22.00 шамасында қара киім киген жастар келіп, әкімдік алдында қонып жатқандарды балағаттаған, төсек орындарын тартып алып, әлімжеттік көрсеткен. Бұл туралы жұмыссыздар WhatsApp-та, әлеуметтік желілерде видео таратып, Азаттыққа да хабарлаған.
Видеодан қараңғыда "аналарыңдай адамдарға не істеп жүрсіңдер", "билік жіберіп отыр сендерді, билік" деп жанұшыра айқайлап, заттарын алып қалуға тырысқан бірнеше әйелді көруге болады. Тағы бірнеше ер адам жүгіріп жүргені байқалады.
– Екі жігітті ұрып кетті. Бірақ олар арыз жазған жоқ, себебі "сендер заңсыз наразылық білдіріп тұрсыңдар" деп жазалайды деп сескенеді. Мұны билік пен құзырлы орган ұйымдастырып отыр, – деп болжайды бірнеше күннен бері далада түнегендердің бірі.
Олар өздері мұны арандату деп есептейтінін айтып, видеоүндеу жариялаған.
– Маңғыстау облысының әкімі Ноғаев, Жаңаөзен қаласының әкімі Қосуақов, полиция бастығы Қорғанбаевтар мәселе шешудің орнына арандатып жатыр. Арандатуды тоқтатып, халықтың мәселесін шешсін! – деп мәлімдеді жиналған топ алдына шыққан белсенді Жадыра Досекеева.
Түн ортасы ауа жұмыссыздар тағы да видеомәлімдеме жасап, оны Қазақстан президентіне, Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен қаласы әкімдеріне арнаған.
– Қазір түнгі сағат екі. Біз мұнай саласына тұрақты жұмысқа орналастыруды талап етіп тұрмыз. Талабымыз орындалмаса, ереуілді тоқтатпаймыз. Бізге тұрақты жұмыс керек. Қысым көрсетілмесін! – дейді үндеуді оқыған ер адам.
Азаттық Жаңаөзен қаласы әкімі Айбек Қосуақов пен Жаңаөзен қаласы полиция басқармасының бастығы Бекбол Қорғанбаевқа қоңырау шалған еді.
Әкім тұтқаны көтермеді. Ал полиция бастығы акция өткізушілерге қоқан-лоқы жасаған үш адамды анықтағанын айтты. Полиция бастығының сөзінше, олар – "қала тыныштығын қорғап жүрген спортшы белсенділер".
Алайда полиция басқармасының бастығы Бекбол Қорғанбаев спортшы белсенділерді жауапқа тарту мәселесін прокуратурамен ақылдаспақшы.
– Олардан түсініктеме алынды. Шара қолдану жайын прокурормен ақылдасамыз. Олар адамдарды ұрмаған, бірақ "Қаңтар оқиғасы қайталанбасын" деп төсеніштерін шашқан, – деді ол Азаттыққа.
Жаңаөзен қаласында "Өзенмұнайгаз" компаниясы бар. Компанияда 9 мың адам жұмыс істейді.
Екі жыл бұрын қаланың 5 мыңға жуық тұрғыны бірнеше ай бойы әкімдік алдына шығып, жұмыс талап еткен. Олар мұнай саласына жұмысқа орналастыруда сыбайластық көп деп шағымданған соң, жергілікті билік жұмысқа орналастырудың электрон нұсқасын жасап, мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс ұсынып отырғанын мәлімдеген.
Таяуда Жаңаөзен маңындағы Жетібай ауылының тұрғындары күрежолды жауып, аштық жариялап, ауыл тұрғындарын мұнай саласындағы жұмыспен қамтамасыз етуді талап еткен.
ПІКІРЛЕР