Ташкент сотында Қарақалпақстандағы оқиғаға қатысты сотталған азаматтардың апелляциялық шағымы қаралып жатыр. Арызды 16 сотталушы түсірген, ал прокуратура төрт адамның шартты жаза алуына қарсылық білдірген.
5 мамырда басталған апелляциялық сот барысында журналист Дәулетмұрат Тәжімұратовтың, Қарақалпақстан ІІМ қылмыстық іздестіру жөніндегі бөлімінің бұрынғы басшысы, марқұм Полат Шәмшетовтің және басқа да сотталушылардың, сонымен бірге олардың адвокаттарының шағымы қаралып жатыр.
Соттың алғашқы инстанциясы алты жылға бас бостандығынан айырылған Полат Шәмшетов биыл 4 ақпанда Бұхарадағы түрмеде қайтыс болған. Медициналық сараптама күдікті өліміне жүрек ауруы себеп болғанын анықтаған.
Прокуратура сотталушылар – Лолагүл Қаллыханованың, Азамат Тұрдановтың, Ахмет Сметуллаевтың және Азамат Нұратдиновтің шартты жаза алып, сот залында босатылғанына шағым түсірген.
Қаңтар айында Бұхара облыстық соты Қарақалпақстанда былтыр 1-2 шілдеде болған оқиғаға байланысты 22 адамға үкім шығарды. Сот шешімімен журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов 16 жылға сотталды, 17 адамға 3 жылдан 8,5 жылға дейінгі аралықта жаза белгіленді, төрт адам сот шешімімен босатылды, олардың арасында Лолагүл Қаллыханова да бар.
Сот басты айыпталушы Дәулетмұрат Тәжімұратовты Өзбекстанның "билігін басып алу немесе конституциялық құрылымды құлату мақсатында сөз байласты", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "ақша жымқырды" және "ақша ұрлады" деген айыптар бойынша кінәлі деп таныды. Тәжімұратов тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарып, кінәсіз екенін айтқан.
17 наурызда Нөкіс оқиғасы бойынша істе 39 күдіктіге қатысты екінші сот үкімі жарияланды. Сот 28 адамды 5 жылдан 11 жылға дейінгі аралықта бостандығынан айырды, ал 11 сотталушы шартты жазамен босап шықты.
Өзбекстан билігінің мәліметінше, 2022 жылы 1-2 шілде күндері Нөкіс оқиғасы кезінде 21 адам қаза болып, 200-ден астам адам жараланған. 500-ден астам адам ұсталды. Қарақалпақстанда наразылық Ташкент Қарақалпақстанның егемен мәртебесін алып тастайтын Конституцияның жаңа нұсқасы жарияланғаннан кейін тұтанған. Қантөгістен кейін Ташкент даулы түзетулерден бас тартты.
Мұның алдында АҚШ, Еуроодақ, БҰҰ және халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Өзбекстан билігінен Қарақалпақстандағы оқиғаны әділ тергеуді, бейбіт халыққа күш қолданылғанын зерттеуді талап еткен. Алайда екінші сот процесінде сотталушылар арасында күш құрылымдарының қызметкерлері болған жоқ.
Былтыр күзде Қазақстанда кемінде бес қарақалпақ белсендісі ұсталып, қамалды. Жақтастары олар Нөкіс оқиғасына байланысты ұсталды деп есептейді. Қазақстандық құқық қорғаушылардың айтуынша, белсенділердің ұсталуына "Өзбекстанның арнайы қызметінің қатысы бар".
ПІКІРЛЕР