Accessibility links

Сот Дональд Трамп журналисті жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген деп таныды


Дональд Трамп
Дональд Трамп

АҚШ-тың алқабилер соты елдің 45-президенті Дональд Трампты журналист әрі жазушы Джин Кэрроллға қырындады деп таныды. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлады.

Сот алқасы жәбірленушіге 5 миллион доллар көлемінде өтемақы төлеу жөнінде шешім шығарды.

Кэрролл экс-президент Трампты төрт жыл бұрын айыптаған. Журналистің айтуынша, 1996 жылы ол АҚШ-тың болашақ президентін Нью-Йорктегі әмбебап дүкенде кездестірген. Трамп одан басқа бір әйелге сыйлық ретінде таңдаған ішкиімді киіп көруді өтінген, Кэрролл келіскен. "Алайда ол мені киім ауыстыратын орында зорлады" дейді журналист.

Трамп айыпты жоққа шығарып отыр. Оның пікірінше, Кэрролл кітабын көбірек сату үшін әдейі осындай жала ойлап тапқан. Дегенмен Трамп қорғаушы жалдаудан, сотта куәлік етуден бас тартты. Трамп сот шешімін "масқара" деп сипаттады.

Нью-Йорк сотында Трампқа қарсы тағы бір іс қаралып жатыр. Порноактриса Сторми Дэниэлс 2016 жылы экс-президент онымен төсектес болғанын жасыру үшін 130 мың доллар берді мәлімдеген. Манхэттен аймақтық прокуратурасының пікірінше, Трамп бұл ақшаны сайлау қорынан алған, сол арқылы сайлау заңнамасын бұзған. АҚШ-тың бұрынғы президенті мен оның адвокаттары айыпты жоққа шығарып, оны "саяси қудалау" деп атаған.

Дональд Трамп – АҚШ тарихында үстінен қылмыстық іс қозғалған алғашқы экс-президент. Алайда ол 2024 жылы президент сайлауына түскісі келетінін мәлімдеді. Тағылған айыптар Трампқа мемлекет басшысы қызметіне таласуға кедергі бола алмайды.

XS
SM
MD
LG