Accessibility links

"Кісі өлтіргенді де бұлай жазаламайды". Орал соты құқық қорғаушы әрі заңгерге жеті жыл жаза кесті


Заңгер Аслан Өтепов сот үкімін күтіп отыр. Орал, 23 мамыр, 2023 жыл.
Заңгер Аслан Өтепов сот үкімін күтіп отыр. Орал, 23 мамыр, 2023 жыл.

Орал соты жергілікті белсенді, құрамында есірткі бар "Трамадол" препаратын заңсыз сатумен күресуші ретінде танылған заңгер Аслан Өтеповті "алаяқтық жасаған" және "пара беруге итермелеген" деп танып, оған жеті жыл түрме жазасын кесті. Өтепов "ойдан құрастырылған" айыпты мойындамайтынын айтты.

"Масқара!", "Азат етілсін!", "Бостандық!" 23 мамыр күні Орал қаласында Аслан Өтеповке шыққан үкімді естіген сәтте сот залындағы жұрт осылай деп айқайлады. Судья Роза Сариеваның шешімі заңгердің туыстары мен достарының ашу-ызасына тиді.

Сариева 46 жастағы Өтеповті "алаяқтық жасаған", "пара беруге итермелеген" деп танып, оны жеті жылға бостандығынан айырды және мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет етуіне өмір бойына тыйым салды.

Судья сотталушыны жәбірленушілерге келген зиянды өтеуге де міндеттеді. Сот ұйғарымы бойынша, Өтепов екі талап арыздың иелеріне 2,9 миллион теңге төлеуге тиіс.

"Күрестім, күресе беремін". Оралда белсенді Өтепов ұзақ жылға сотталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00

Сотқа қатысқан тараптардың үкімге шағым беруге әлі уақыты бар. Отбасында әйелі мен кәмелетке толмаған үш баласының жалғыз асыраушысы болған Өтепов апелляцияға шағым беру үшін адвокат жалдауға ақшасы жоғын, бірақ үкімге келіспей, қолынан келгенше күресетінін хабарлады.

– Біз күресіп келдік және шындық, әділдік, халық үшін әлі де күресеміз, – деп мәлімдеді заңгер.

21 мамырда ол "ойдан құрастырылған" деп есептейтін қылмыстық іске наразылық ретінде аштық жариялағанын хабарлаған. Сот залында заңгер денсаулығы нашарласа да, қарсылық акциясын доғармауға бекінгенін айтты.

Аслан Өтеповтің қоғамдық қорғаушысы болған зайыбы Айнұр Өтепова жұбайына шығарылған үкімді сот залында жылап тұрып тыңдады.

Заңгер Аслан Өтепов (әйнек қоршаудың ішінде) сот үкімін тыңдап тұр. Оның әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Айнұр Өтепова алдыңғы қатарда отыр. Орал, 23 мамыр, 2023 жыл.
Заңгер Аслан Өтепов (әйнек қоршаудың ішінде) сот үкімін тыңдап тұр. Оның әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Айнұр Өтепова алдыңғы қатарда отыр. Орал, 23 мамыр, 2023 жыл.

Өтепов өзіне қарсы қозғалған істегі заңсыздықтар туралы және сот қалай өткенін айтып берді.

– Біздегі [пара] алатын шенеуніктер тап-таза да, [пара] "алған-мыс" деп отырған мен түрмеде отыруым керек екен. Ақша берілгені туралы бірде-бір факт дәлелденген жоқ, сонда қандай негізге сүйеніп шешім шығарды? Тіпті кісі өлтірген, зорлық жасаған, нағыз парақор адамға мұндай мерзім бермейтінін бәрі түсінуі керек. Бостандығынан айыру емес, шектеу жазасын бергеніне мысалды мыңдап келтіре аламын. Жазалап, соттап, оған қоса, алмаған ақшаны төлеуге міндеттеп жатыр. Құқықтық мемлекеттің сиқы осы ма? – деп назаланды Өтепов.

АЙЫПТАУ

Билік оралдық белсенді әрі заңгер Аслан Өтеповті былтыр 30 желтоқсанда ұстап, бір күннен кейін тұтқындаған. Іс материалдарында 2022 жылғы ақпанда Өтепов танысы, кәсіпкер Оксана Байсариевадан жергілікті шенеунікке пара ретінде беру үшін 800 мың теңге алған деп жазылған. Кәсіпкер көкөніс сататын орынға жерді осылайша алмақ болған дейді тергеушілер. Айыптаушы тараптың сөзінше, кейінірек Байсариева жеңілдікпен ипотека алушылар кезегіне тұру үшін Өтеповке тағы 100 мың теңге берген.

Айыптаушы тарап екінші жәбірленуші, кәсіпкер Александр Павлов сауда орнына деп жер алу үшін 2 миллион теңге берген дейді. Екі жәбірленуші де сауда павильонын орнатуға рұқсат беретін құжаттар алған.

Сот тергеуі кезінде сұрақтарға жауап берген шенеуніктер жер телімдеріне құжат берілгенін растады. Екі жәбірленушінің де бөлінген жерде сауда орнын ашуға кезінде мүмкіндігі болған. Бірақ белгісіз себептермен ол жұмысты бастамай, арада жыл өткенде заңгерді "бізді алдап, алаяқтық жасады" деп айыптаған. Екеуі де пара бергені үшін кінәсі барын жоққа шығарып, мұндай қылмыс қаншалықты ауыр екенін түйсінбегенін айтты.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫНЫҢ БАҒАСЫ

Аслан Өтеповтің ісі бойынша тергеу мен сот барысын бақылаған қазақстандық адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау бюросының аймақтық филиалының директоры Павел Кочетков ол қызметіне бола қудалауға түскен деп есептейді.

– Ол есірткі тасымалымен қалай күрескенін бәріміз жақсы білеміз. Ол "Трамадол" короліне" ("есірткі мен психотропты препараттар сақтағаны" үшін бірнеше рет ұсталған Николай Карпов – ред.) қарсы белсенді іс-әрекет бастағаннан кейін ғана жәбірленушілер оның үстінен арыз жазды, – дейді Кочетков.

Құқық қорғаушы жәбірленушілер айтқан оқиғалар мен олар жемқорлықпен күрес қызметіне арыз жазғанға дейінгі аралықта едәуір уақыт өткеніне назар аударады.

"Сонда олар осынша уақыт бойы жәбірленуші болмаған ба?" деген сұрақ қояды Кочетков.

Сот Өтеповті тым қатал жазалады деп есептейді құқық қорғаушы.

– Жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктердің миллиондарды ұрлап, жемқорлық жасағанына қарамастан, кейде шартты жаза алатынын да көріп жүрміз ғой. Ал мұны аса қауіпті қылмыскердей көріпті. Тым қатал әрі әділетсіз үкім шығарды және ең алдымен оны азаматтық белсенділігіне бола жазалады деп есептеймін, – дейді Кочетков.

АСЛАН ӨТЕПОВ КІМ?

Аслан Өтеповтің аты-жөні 2020 жылғы көктемнен бастап БАҚ пен пабликтерде жиі айтыла бастады. Ол кезде саудамен айналысқан Өтепов коронавирус инфекциясына байланысты енгізілген локдаун салдарынан жұмыссыз қалған кәсіпкерлердің құқын қорғап көзге түсіп жүрді.

Аслан Өтепов тұрғындар жиынында сөйлеп тұр. Орал, шілде, 2022 жыл.
Аслан Өтепов тұрғындар жиынында сөйлеп тұр. Орал, шілде, 2022 жыл.

Мамандығы заңгер Өтепов кейінірек бизнесті қойып, "Халық коррупцияға қарсы" қоғамдық бірлестігін құрды. Осы ұйымның аясында ол өзі сияқты балалар үйінің түлектеріне мемлекеттен үй алуға көмектесті.

2022 жылы көктемде Өтепов құрамында есірткі бар "Трамадол" және "Тропикамид" препараттары заңсыз сатылып жатқанына көптің назарын аударды. Оған бұл деректерді қала тұрғындары жіберіп отырған. Аслан заңсыз сауда жасалатын жерге өзі барып, сол туралы Instagram-да жазба жариялайтын.

Кейін Өтепов полиция, әкімдік пен қоғамдық кеңес өкілдерінен тұратын арнайы комиссияға енді. Топ мүшелері рейдке шығып, "Трамадол" сатушыларды ұстайтын. Сол кезде Өтепов заңсыз саудаға күш құрылымдары мен бақылаушы органдар қызметкерлерінің де қатысы бар дегенді айта бастады.

Аслан опиоидті препаратты еркін сату көкейкесті мәселеге айналғанын көрсету үшін Орал тұрғындарын жинап, наразылық акцияларын өткізді.

Осы жұмыстың нәтижесінде "Трамадолды" құрамында есірткі заты бар препараттар тізіміне енгізу жөніндегі жұмыс тобына Аслан Өтеповті де қосты. Биыл наурыздың аяғында Денсаулық сақтау министрлігі "Трамадол" құрамында есірткісі бар препараттар тізіміне енгізілгенін хабарлады. Бұдан былай бұл препарат арнайы рұқсат алған дәріханаларда ғана сатылатын болды.

Өзі көтерген және күрескен қоғамдық мәселе бойынша үкімет деңгейінде осындай шешім қабылданғанын естіген кезде Аслан Өтепов үш айдан бері абақтыда қамауда отырған еді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар биыл ақпанда оралдық белсенді, заңгер Аслан Өтеповті "саяси тұтқын" деп таныған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG