Accessibility links

"Назарбаевтан арылудың" кезекті қадамы және "Пекинге бет бұрған" Орталық Азия


Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Батыс басылымдары бұл аптада экс-президенттің кеңсесін тарату "Назарбаевтан арылу" науқанының кезекті қадамы екенін жазды. Сонымен қатар Пекин Орталық Азиядағы ықпалға таласта Ресейді ығыстыруға ұмтылып жатқанын талдады. Халықаралық ақпарат құралдары "Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге қандай елдер көмектесіп отыр" және "оған қалай тоқтам салуға болады" деген сұраққа да жауап іздеді.

"ҚЫТАЙ РЕСЕЙДІ АЙМАҚТАН ЫҒЫСТЫРУҒА ТАЛПЫНЫП ЖАТЫР"

"Мәскеудің Украинадағы соғысы және неоколониализм Ресейдің Орталық Азиядағы бұрынғы серіктерін Пекинге қарай бұрды" дейді АҚШ-тағы Уильсон орталығының ғылыми қызметкері Брэдли Жардин және Орталық Азия істері бойынша Oxus қоғамының президенті Эдуард Лемон Әл-Жазира сайтында шыққан мақалада.

Қытай Орталық Азиядағы ірі экономикалық ойыншыға айналды. Пекин 2020 жылы аймаққа 40 миллиард доллар инвестиция құйса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетті.

Қытай Совет Одағы тарағаннан кейін аймақ елдерімен Шанхай Ынтымақтастық ұйымы арқылы серіктестік орнатты, Ресей де бұл ұйымға мүше. Зерттеушілер Си Цзиньпин билік басына келгелі бері Қытай аймақ елдерімен жұмыс істеу үшін басқа ойыншыларды араластырмай, жеке-дара механизмдерді іске қоса бастағанына назар аударады. Мамыр айында Сиань қаласында өткен "Қытай – Орталық Азия" саммиті – Пекиннің аймақтағы мүддесін көрсететін жарқын мысал.

Қытай және Орталық Азияның бес мемлекетінің басшылары "Қытай – Орталық Азия" саммитінде. Қытай, Сиань, 19 мамыр, 2023 жыл.
Қытай және Орталық Азияның бес мемлекетінің басшылары "Қытай – Орталық Азия" саммитінде. Қытай, Сиань, 19 мамыр, 2023 жыл.

"2022 жылғы ақпанда Қытай мен Ресей "шексіз" серіктес болатынын жариялап, Орталық Азиядағы түрлі түсті төңкеріс пен сыртқы күштердің араласуын болдырмау үшін бірігіп әрекет етуге келіссе де, Пекин Ресейді бұрынғы империя аумағынан ығыстыруға талпынып жатқаны анық" дейді Жардин мен Лемон.

Авторлардың пайымдауынша, Украинадағы дағдарыс Қазақстан элитасын Қытайға тәуелді ете түсті, ал Ресей неоколониал риториканы күшейтті. Былтыр тамызда Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведевтің әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанды "жасанды мемлекет" деп атаған жазба пайда болды. Жазба 10 минуттан кейін ізім-ғайым жоқ болды. Кейін Медведевтің көмекшісі оның парақшасын әлдебіреулер бұзғанын хабарлаған. Іс жүзінде осыған ұқсас мәлімдемені 2014 жылы Ресей президенті Путин де айтты.

Қазақстанда халықтың 16 пайызы − орыс этносының өкілдері. Олар негізінен елдің солтүстігінде қоныстанған. Зерттеушілер Ресей ұлтшылдары мен комментаторлары бұл аумақ Ресей жері болды деген территориялық талап қойғанын еске салады. Сианьда Си Цзиньпин Қазақстан президентіне Қытай "этностық үйлесімді" қолдайтынын айтты, бұл Ресейдің Солтүстік Қазақстан туралы сес көрсеткен мәлімдемелеріне қарата айтылған сын еді.

Лемон мен Жардин Ресейдің аймақтағы ықпалы әлсіреп жатқан тұста Сианьдағы кездесудің символдық мәні болғанын жазады. "Бұл Қытай аймаққа Ресей ұсына алмайтын дүниені бере алатын серіктес ретінде көрсеткенін әйгілейді".

Сианьдағы саммит пен Қытайдың аймақтағы ықпалға таласы тақырыбына Тбилисидегі Еуропа университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі профессоры Эмиль Авдалиани да назар аударды. АҚШ-та шығатын World Politics Review басылымындағы мақалада Авдалиани Пекиннің аймаққа бет бұруы Орталық Азияның сыртқы ойыншылар үшін маңызы артып жатқанын көрсетеді дейді.

Аймақпен экономикалық серіктестік орнатуға келгенде Қытай көш бастап тұр. Сианьда көптеген келісімге қол қойылғанына қарағанда, Қытай аймақпен сауда және инвестиция салаларындағы қарым-қатынасын тереңдете түспек. Зерттеуші Қытай аймақпен Ресей мүше Шанхай Ынтымақтастық ұйымы арқылы емес, С5+1 форматы арқылы қарым-қатынасты күшейтуге тырысып жатқаны Пекин басымдыққа ие болғысы келетінін көрсетеді дейді. Бірақ Пекиннің жетістіктері басқа ойыншылардың Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасына кедергі келтірмейді. Ресей Украинадағы соғыспен жүріп, Мәскеудің аймақтағы экономикалық және саяси ықпалына күмән келе бастаған шақта Қытай бос кеңістіктікті толтырғысы келген ең белсенді ойыншыға айналды.

Авдалиани Қытайдың аймақпен серіктестікті күшейту талпынысына қарамастан, Орталық Азияда қалыптасып жатқан геосаяси және геоэкономикалық тәртіпте белгілі бір ойыншының үстемдікке ие болуы екіталай деп есептейді. Оралық Азия сыртқы саясат пен саудада көпвекторлы қарым-қатынасты жалғастыра бермек.

МӘСКЕУГЕ САНКЦИЯЛАРДЫ АЙНАЛЫП ӨТУГЕ КІМДЕР КӨМЕКТЕСІП ЖАТЫР?

Ресейге салынған қатаң санкциялар Батыс елдері күткен нәтиже бермеді, Мәскеу санкцияларды айналып өтудің жолын тапты. Журналист Паоло Сорбелло Германияда шығатын Tagesspiegel газетінде Ресейге Батыс санкцияларын айналып өтуге қай елдер көмектесіп жатқанына тоқталды.

Қазақстан, Қырғызстан мен Армения Ресей бастаған Еуразия экономика одағына мүше. Одақ аумағында тауар, қызмет пен жұмыс күші еркін қозғалады. Автор Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге дәл осы құрылымның көмегі тигенін келтіреді.

Ресей мен серіктес елдердің арасындағы сауда көлемі күрт өсті, ал жоғары технологиялар мен қосалқы мақсатта қолданылатын тауардың Еуропадан Ресейге экспорты күрт төмендеді. Ресейге "параллель экспорттың" жартысын Қазақстан, Қырғызстан, Армения мен Грузияда орналасқан компаниялар жөнелтті.

"Ресей санкция салынған тауарды үшінші елдер арқылы сатып алатыны анық" дейді Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) Орталық Азия бойынша редакторы, "Власть" басылымының бас директоры Вячеслав Абрамов. Жақында OCCRP мен серіктес басылымдар Қазақстан арқылы Ресейге санкцияға ілінген тауар тасымалдау схемасын жариялады. Зерттеушілердің дерегінше, Қазақстандағы "Аспан Арба" компаниясы Қытайда өндірілетін DJI дрондарын Нидерландтағы еншілес компаниядан сатып алып, Ресейге тасымалдаған.

Халықаралық Urus Advisory консалтинг компаниясының заңгері, санкцияар бойынша сарапшы Хавьер Эспадас Ресейге салынған санкциялар Батыс күткен нәтиже бермеді дейді. "Ресей мығым екенін дәлелдеді, түрлі әдіске бара алатынын көрсетті" дейді ол.

Ресейдің "Коммерсантъ" басылымының жазуынша, Қазақстан мен Армениядағы банктер жанама санкцияларға ілінбес үшін Ресей компанияларының сервер, процессор, микрочип пен телекоммуникация құралдары үшін төлемдерін бұғаттай бастады.

Вячеслав Абрамов Ресейдің санкцияларды айналып өтпеуін Орталық Азия үкіметтері ғана емес, Еуроодақ та қадағалауы керек деп есептейді. Ресейдің санкцияларды айналып өтпеуіне Орталық Азия үкіметтері ғана емес, Еуроодақ мүшелері мен оның аумағындағы компаниялар да жауапты. Сондықтан, оның ойынша, Ресей соғыста қолданатын тауарға қол жеткізбес үшін тараптар бірігіп әрекет етуі керек.

"НАЗАРБАЕВ ДӘУІРІНІҢ СОҢЫ"

Осы аптада қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі 45 күн ішінде таратылатынын мәлімдеді. Осы ақпаратқа назар аударған АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы елде "Назарбаевтан арылу" жалғасып жатқанын жазды.

Бірінші президенттің кеңсесін тарату "Тұңғыш президент – Елбасы туралы" заңның жойылуына байланысты. Бұл заңның күшін жоюға негіз болған референдум былтыр 5 маусымда өтті, заң биыл 15 ақпанда күшін жойған. Жамаубаевтың айтуынша, кеңсеге бөлінетін мемлекеттің 3 миллиард теңге қаржысы басқа қажеттіліктерге жұмсалады.

Мақала авторы Кэтрин Путц кеңсені тарату 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін басталған "Назарбаевтан арылу" процесінің жалғасы екенін, бірінші президенттің дәуірі осылайша аяқталып жатқанын келтіреді.

Ал апта басында парламент депутаттары Қылмыстық кодекстен бірінші президентке тіл тигізгендерді жазалайтын бапты алып тастайтын түзету әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Қылмыстық кодекстің 375-бабы бойынша, бірінші президентке тіл тигізгендер бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Депутаттар "елбасы" мәртебесі жойылғандықтан, бұл бапты алып тастау таза техникалық сипаттағы дүние дегенді алға тартады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG