Журналистер Украинадағы соғыста қаза болған 25 528 ресейлік әскери қызметкердің аты-жөнін анықтады. 2498-і – мобилизацияланғандар. Зерттеуді соғыс басталғалы бері "Медиазона", BBC-дің Орыс қызметі мен еріктілер тобы жүргізіп келеді.
Журналистердің айтуынша, қаза болғандардың едәуір бөлігі тұтқындар. Краснодар өлкесі, Свердлов, Челябинск облыстары, Башқұртстан, Бурятия, Волгоград облыстарынан соғысқа барғандар арасында өлгендер көп.
Соғыста өлгені расталғандар арасында Ресей армиясы мен өзге де күштік құрылымдардың 2150-ден астам офицері бар. 251-і подполковник және одан да жоғары шені бар. Кемінде 161 ұшқыш өлген.
Зерттеушілердің есебінше, қыс кезінде Ресей әскері Бахмутты басып алуға ұмтылып, шабуылдаған кезде көп адамынан айырылған. Ондағы адам шығыны соғыс басталған кезеңнен де көп.
"Медиазона" мен BBC-дің Орыс қызметінің зерттеуіне ашық дереккөздер арқылы өлгені расталған ресейлік солдаттардың аты-жөні ғана енгізілген. Ал қаза болғандардың саны әлдеқайда көп болуы ықтимал.
Ресей қорғаныс министрлігі соғыста қанша адамынан айырылғанын жарияламай келеді. АҚШ қаңтарда Украинадағы соғыста 270-300 мың ресейлік әскери қызметкер қаза болған және жараланған болуы мүмкін деген болжам айтқан.