Accessibility links

Мәскеу соты Қазақстанда АҚШ сұрауымен ұсталған киберқауіпсіздік маманын сырттай қамау туралы шешім шығарды


Мәскеу соты бұрын Group-IB деп аталған ресейлік компанияның қызметкері Никита Кислицынды сырттай қамау туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде BBC-дің Орыс қызметі хабарлады. Кислицын өткен аптада АҚШ сұрауымен Қазақстанда ұсталған.

F.A.C.C.T. (бұрынғы Group-IB) компаниясының күрделі кибершабуылмен күрес жөніндегі департамент жетекшісі Никита Кислицын Ресейде "заңмен қорғалған компьютерлік ақпаратқа қол жеткізу" ісі бойынша іздеуде болған. Бұған қоса "бопсалау" бойынша да күдікке ілініп отыр.

Кислицынның АҚШ сұрауымен 22 маусымда Қазақстанда ұсталғанын F.A.C.C.T. компаниясы 28 маусым күнгі хабарламасында жариялады. Компания Кислицынды 10 жыл бұрын журналист болып жүрген кездегі жұмысына қатысты ұстағанын, ал Қазақстанда оны ұстауға "ешқандай негіз болмағанын" жазады.

Алматыдағы Ресейдің бас консулдығы Қазақстан билігінен Кислицынды Вашингтонға беруге асықпауын өтінген.

Ақпаратқа қарағанда, 2014 жылы АҚШ әділет министрлігі Никита Кислицинды 2012 жылы Formspring әлеуметтік желісінен ұрланған мәліметтерді сатты деп айыптаған. Оған жария түрде айып 2020 жылы жарияланды.

Кислицын 2016 жылы Прагада ұсталып, АҚШ-қа экстрадицияланған ресейлік хакер Евгений Никулиннің ісі бойынша өтіп отыр. Америка соты Никулинді киберқылмыс жасады деген айыппен жеті жылға соттаған.

Кислицин ресейлік хакерге қарсы куәлік беріп, ФБР-ге көмектескені үшін, оның ісі сотқа бармаған. Бірақ АҚШ тергеушілерінің күдігінше, Кислицин Ресейдің арнайы қызметімен де жұмыс істеуі мүмкін.

Шетелде ұсталған Ресей азаматына қарсы қылмыстық іс қозғау Ресей билігінің жиі қолданатын амал-әдісі, деп жазды BBC-дің Орыс қызметі.

Кислицин 2006–2012 жылдары ақпарат қауіпсіздігі тақырыбын қозғайтын "Хакер" журналының бас редакторы қызметін атқарды. 2013 жылы Кислицин кибер қауіпсіздік бойынша Илья Сачков негізін қалаған Group-IB компаниясына жұмысқа тұрды.

Сачковтың өзі қазір мемлекетке сатқындық жасады деген айыппен қамауда отыр. Оның соты 6 шілдеде басталады.

Group-IB ( қазір F.A.C.T.T.) – компьютер қауіпсіздігі саласындағы компания. Оның клиенттері Сбербанк, "Тинькофф" және Альфа-Банк, "Ростех" секілді ірі компаниялар. Бұл компания арнайы қызмет пен Интерполға да кеңес береді.

Қазақстан билігі Кислицынның ұсталуына қатысты әзірге түсініктеме бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG