Accessibility links

Думан Мұхаммедкәрімнің жақтастары прокуратура алдында түнеп шықты


Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің жақтастары облыстық прокуратура алдында тұр. Алматы облысы, 28 шілде 2023 жыл.
Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің жақтастары облыстық прокуратура алдында тұр. Алматы облысы, 28 шілде 2023 жыл.

28 шілдеге қараған түні он шақты белсенді Қонаев қаласындағы Алматы облыстық прокуратурасының алдында түнеп шықты. Олар аштық жариялап жатқан қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің талаптарын орындап, оны Талдықорғаннан Алматыдағы тергеу изоляторға ауыстырмайынша бұл жерден кетпейтінін айтты. Жұма күні күндіз прокуратура алдына жиналғандар қарасы көбейе түсті.

"Негізі Думанды кеше таңертең (27 шілде) этаппен әкелуі керек болған. Адвокаты Ғалым Нұрпейісов соны білуі үшін Талдықорғанға кеткен. Ата-анасы Қонаевқа келді. Біз N72 тергеу изоляторында болдық. Сол кезде бізге [прокуратурадағылар] "Талдықорғандағы изолятор Думанды бізге жібермей жатыр" деп жалған ақпарат берді. Заң бойынша олардың қатысы жоқ. Олар әкелінген адамды изоляторда уақытша ұстап отыратын мекеме ғана. Біз осыны айтқаннан кейін "N72 изоляторда орын жоқ" деп тағы бір сылтау айтты. Мен өзім изолятордың басшыларына жолықтым. Олар ешқандай ақпарат келмегенін, ешқандай шешім шықпағанын айтты. Соны айтқаннан кейін барып тергеушілер шешімді (журналисті Алматыға ауыстыру туралы шешім – ред.) жібердік деді. Осындай жағдайда бізде сенімсіздік туды. Сол себепті қазір осындай тұрмыз" деді белсенді Мұрат Оспанов Азаттық тілшісіне.

Оның сөзіне қарағанда, белсенділер прокуратура алдына қонып шыққан. Түнгі сағат 12-лер шамасында полиция қызметкерлері келіп, "не үшін тұрғандарын сұраған". Бірақ қонуларына кедергі жасамаған. Белсенділер түні бойы сол жерден бірнеше рет тікелей эфирге шыққан.

Бұған дейін облыстық прокуратураның Думан Мұхаммедкәрімді Алматыдағы тергеу изоляторына ауыстыруға келіскені хабарланған еді. Адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, 5 шілдеден бері аштық жариялап жатқан журналист Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайы нашар. Бір күн бұрын ол изолятордан адвокатына шыға алмаған. Ол өзін Алматыға ауыстыру туралы жазбаша шешімді көргеннен кейін және өзін Талдықорғаннан әкеткеннен кейін аштықты тоқтататынын айтқан.

Думан Мұхаммедкәрім Қылмыстық кодекстің "тыйым салынған ұйым ісіне араласу" (405-бап, 2-бөлім) және "экстремизмді қаржыландыру" (258-бап, 1-бөлім) баптары бойынша күдікті деп танылған. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған.

Журналистке қылмыстық іс ашылғаны биыл 2 мамырда белгілі болды. Ол кезде Мұхаммедкәрім "бейбіт жиын тәртібін бұзды" деген айып бойынша әкімшілік жазаға тартылып, қамауда отырған еді.

Әуелі ол 405-бап бойынша қылмыстық істе "қорғануға құқығы бар куәгер" атанды. Көп ұзамай "экстремизмді қаржыландыру" бабы да қосылып, екі істе де күдікті статусына өтті. 22 маусымда Думан Мұхаммедкәрім тергеу сотының шешімімен екі айға қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG