1 тамызда таңертеңнен Шымкент әкімдігі алдындағы алаңға барып, Қаңтар оқиғасында балаларын атып өлтірген және атуға бұйрық бергендерді тауып, жазалауды сұраған он шақты ата-ананы кешке полиция күштеп әкеткен. Бұл туралы ұсталған ата-аналар хабарлады.
"Бізді бір топ азаматтық киген адам келіп, ұстап полиция көлігімен Қаратау аудандық полиция басқармасына алып келді" деді Азаттыққа марқұм Нұрболат Алпамыстың әкесі Мұрат Әбдірайымов.
Күштеп көлікке отырғызғанда ата-аналардың бірінің қан қысымы көтерілген. Оны полиция сыртта қалдырып, қалған ата-аналарды полиция ғимаратына кіргізген. Полиция ата-аналардың басым бөлігін сағат 20:00 шамасында босатты.
Ата-аналар полициядан шыққан соң қала әкімдігінің алдында наразылықты жалғастырмақ болған. Бірақ оларды полиция қызметкерлері жеке-жеке алып, үйлеріне жеткізген. Марқұм Нұрболат Алпамыстың әкесі Мұрат Әбдірайымов пен марқұм Бағлан Шәріпбайдың анасы Әйкен Қалықұлованы себебін түсіндірмей әкімшілік қамауға алынған адамдарға арналған қабылдау орнына әкелген.
"Сот болады деді. Бірақ уақытын айтпады" деді Әйкен Қалықұлова Азаттыққа.
Наразы ата-аналар қала әкімдігі алдында кешкі сағат алтыға дейін отырған. Наразыларға қала әкімдігінің қызметкерлері келіп, жиынға рұқсатсыз шыққандарын, тоқтатпаса әкімшілік шара қолданылатынын ескерткен. Бірақ әкімдік өкілдері наразылардың талаптарына жауап бермеген.
Содан кейін жиналғандар ұстап шыққан плакатты жинап, марқұмдардың суретін қалдырған. Талаптары орындалмаса әкімдік алдындағы алаңда үш күн түнеп, әрі қарай Астанаға жолға шығып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа баратынын мәлімдеген.
Шымкентте былтырғы Қаңтар оқиғасы кезінде 20 адам қаза болған. Құқық қорғау органдары басында оларға да "жаппай тәртіпсіздік жасады" деген айып таққысы келген, бірақ іс дәлел жетпеуіне байланысты жабылып, кейін марқұмдар жәбірленуші деп танылған. Қаза тапқандардың ата-аналары биліктен 5 млн теңге өтемақы беруді және балаларының өлімін тергеуді талап етеді.
ПІКІРЛЕР