Accessibility links

Алматыда полиция белсенді Бибігүл Иманғалиеваны ұстады


"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ өкілі Бибігүл Иманғалиева.
"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ өкілі Бибігүл Иманғалиева.

Алматыда полиция "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ өкілі, белсенді Бибігүл Иманғалиеваны ұстады. Бұл жөнінде #БелсенділерЭкстремистЕмес тобы Телеграм-арнасында хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, полиция белсендіні 4 тамызда түскі сағат 12 шамасында үйінің маңында ұстап, Медеу аудандық полиция басқармасына апарған.

Полиция оны 5 мамырда "бейбіт жиын өткізу туралы заңды бұзды" деп айыптап, хаттама толтырған.

"Шын мәнінде 2023 жылы 5 мамырда Бибігүл Иманғалиева Алматы қаласының әділет департаментіне келіп, "Алға Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топтың мүшесі ретінде қол қойғанын растағысы келген. Ал бұл "рұқсат етілмеген" митинг болып саналмайды. Еуропа депуттарының Қазақстанға сапары қарсаңында Бибігүл Иманғалиеваны саяси себеппен қамау немесе айыппұл салу бұл биліктің тәуелсіз азаматтық қоғам өкілдерін қудалап жатқанын көрсетеді" деп жазылған Телеграм-арна хабарламасында.

Полиция хаттамасында Бибігүл Иманғалиеваның 5 мамырда "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны" (488-бап, 11-бөлік) жазылған. Қазір белсендінің телефоны өшіп тұр.

Ал Медеу аудандық полиция басқармасының өкілдері Азаттыққа жауап беруден бас тартты.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы айлар бойы әділет министрлігіне құжат тапсырып, саяси ұйымды тіркей алмай келеді. Министрлік бастамашыл топтың құжаттары партияларды тіркеу туралы заңға сай еместігін айтып, тіркемеген. Ал белсенділер өздерін "саяси себеппен тіркемей отыр" деп есептейді. Билік елде саяси қудалау барын мойындамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG