Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың 24 жастағы қызы Айшат Қадырова әлеуметтік мәселе бойынша Шешенстан үкіметінің вице-премьері болады. Оны Шешенстан парламентінің төрағасы Мүсілім Хучиев рспублика үкіметінің кеңейтілген отырысында ұсынған. Ұсынысты Рамзан Қадыров мақұлдаған.
Айшат Қадырова 21 жасынан бастап Шешенстан мәдениет министрінің орынбасары, министрі болған. "Отан алдындағы еңбегі үшін", "Адам құқығын қорғағаны үшін", "Шешенстан республикасына сіңірген еңбегі үшін" медальдары мен Ресей қосып алған, халықаралық деңгейде мойындалмаған "ДХР-дің" "Достық" орденімен, Шешенстанның ең жоғарғы марапаты - Қадыров орденімен марапатталған.
"Айшат Қадырова мәдениет министрлігінің аймақтармен жұмысына үлкен үлес қосты, зор тәжірибе жинады", – деп жазды Рамзан Қадыров телеграм арнасына.
- Рамзан Қадыровтың көптеген туыстары Шешенстанның жоғары лауазымды қызметтеріне тағайындалған. 2018 жылы Би-би-сидің Орыс қызметі Шешенстандағы ірі 158 шенеуніктің 30% - ы Рамзан Қадыровтың туыстары деп жазды. "Кавказ.Реалии" редакциясы республиканың мемлекеттік құрылымдарында жұмыс істейтін Қадыровтың кланын санап шыққан.
- Айшат Қадырованың күйеуі Висхан Мацуев биыл шілдеде Шешенстан үкіметінің вице-премьері әрі ауыл шаруашылығы министрі қызметіне тағайындалған. Ақпанда тағы бір немере інісі Хамзат та вице-премьер болған.
ПІКІРЛЕР