Қырғызстанда бүгін басталған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) әскери жаттығуына қатысушылар арасында Қазақстан сарбаздары да бар.
Қазақстан қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Қазақстаннан бөлек Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан әскері қатысатын жаттығу Қырғызстанның Балықшы қаласы маңындағы полигонда өтіп жатыр.
"Оқу-жаттығудың негізгі міндеті – бейбітшілікті сақтау жөніндегі операцияны жүргізу кезінде ҰҚШҰ-ның ұжымдық бітімгерлік күштері әскери контингенттері үйлесімділігін арттыру" делінген хабарламада.
"Нерушимое братство" (Мызғымас бауырластық) әскери жаттығуы 6-13 қазан аралығында өтетіні айтылды.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мүше.
Ресейдің Украинаға басқыншылығы тұсында Қазақстанды Ресейдің ықпалы көп ұйымдардан, атап айтқанда ҰҚШҰ мен Еуразия экономикалық одағынан шығуға шақырған петициялар пайда болған.
ҰҚШҰ – Мәскеу жетекшілік ететін әскери-саяси одақ. Кейінгі жылдары ұйым жиі сынға ұшырап жатыр. Былтыр жыл басында Қазақстанда болған жаппай наразылықтың соңы тәртіпсіздікке ұласқан шақта Тоқаев елге "шетелде дайындықтан өткен мыңдаған террорист шабуылдады" деп мәлімдеп (әлі күнге дейін дәлел көрсеткен жоқ), ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. Кейбір бақылаушылар ҰҚШҰ әскерін елге кіргізу "билікке талас кезінде" шешуші рөл атқарғанын айтып, Тоқаевқа қызметін сақтап қалуға мүмкіндік бергенін айтқан.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақта қақтығыс жалғасып жатқан кезде кейінгі оқиғалар "ұйымның тиімсіздігін көрсетті" деп мәлімдеген. Пашинян АҚШ-пен бірігіп әскери жаттығу өткізбей тұрып қыркүйек басында "қауіпсіздік саласында Мәскеуге толық тәуелділік стратегиялық қателік болғанын" және Ереван қазір саясатын әртараптандыруға тырысып жатқанын айтқан.
Былтыр қазанда Бішкек ҰҚШҰ жаттығуын өз аумағында өткізуге қарсы болған. Бақылаушылар мұны ҰҚШҰ-ның өзге мүшесі Тәжікстанмен шекарада болған қақтығыспен байланыстырған. Қақтығыс кезінде екі жақтан ондаған адам қаза болған.