АҚШ Ресей мұнайын шектік баға – 60 доллардан жоғары бағаға сатқан Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінің екі компаниясына санкция салды. АҚШ қаржы министрлігінің хабарлауынша, олардың мүліктері бұғатталған.
Былтыр желтоқсанда "Үлкен жетілік" елдері Кремльдің Украинадағы соғысқа жұмсап жатқан кірісін шектеу мақсатында Ресей мұнайына шектік бағаны (баррелі 60 доллардан аспауы керек) белгілеген.
АҚШ қаржы министрлігінің хабарлауынша, БАӘ-ға тиесілі компания иелігіндегі "Приморье" танкері Ресей мұнайын тасымалдап, бір баррелін 75 доллардан сатқан. Ал түріктің "ЯсаГолден Босфор" танкері Ресей мұнайын 80 доллардан қымбатқа сатқан. Кеме иелері америкалық компаниялардың қызметін пайдаланған, бұл да санкцияға қайшы.
Тәуелсіз зерттеулерге сүйенсек, Ресей танкерлік мұнайының басым бөлігін белгіленген бағадан қымбатқа сатқан. Ресей үкіметінің бағалауынша, қыркүйекте оның орташа бағасы барреліне 83 доллар болған.
Қыркүйек соңында АҚШ қаржы министрі Джанет Йеллен "Үлкен жетілік" елдері санкциядан жалтарғандарға тойтарыс беру амалдарын қатайтуға дайын екенін мәлімдеді.