Accessibility links

6 жылға сотталған кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың түрме жазасы бостандықты шектеуге алмастырылды


Қайрат Боранбаев сотта.
Қайрат Боранбаев сотта.

Ақмола облысының соты бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың түрме жазасын бостандықты шектеу жазасына алмастырды. Ол пробация бақылауында болады.

Соттың хабарлауынша, жазаны алмастыру кезінде бірнеше фактор ескерілген:

  • Боранбаев жазасының үштен бірін (2 жыл 4 ай 5 күн) өтеген (тергеу изоляторындағы бір күн колониядағы 1,5 күнге тең);
  • Ол мемлекетке келтірген шығынды толтырып, тергеу органдарымен әріптестік орнатқан, әрекетіне өкінген;
  • Қамауда болған кезде жақсы жағынан көрінген.

Биыл қыркүйекте Астана қаласының апелляциялық соты Боранбаевтың мүлкін тәркілеп, алты жылға соттап, жалпы режимдегі колонияға жіберген. Оның алдындағы сот оны "ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемденді", "қылмыстық жолмен алынған ақшаны жымқырды" деп танып, 8 жылға соттаған.

Кейінгі апталарда мемлекеттік органдар Боранбаев мемлекетке ірі активтерін қайтарғанын хабарлаған. Арасында Астанадағы қонақ үй кешені, фитнес-орталықтар, мұнай өндіру компаниясы, Қазақстанның батысындағы мұнай кеніші бар. Кәсіпкер "елдің білім беру саласындағы инфрақұрылымын қолдауға 30 млрд теңге бөлгені" хабарланған.

Қайрат Боранбаев бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы адамдар қатарына кірген. Оның қызы Әлима Боранбаева экс-президенттің жиен немересі Айсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шыққан.

Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасындағы адамдар бақылаушылардың пікірінше, ықпалынан айырыла бастаған. Экс-президенттің туыстары жоғары лауазымды қызметтерінен алынып, кейбірі қамалып, сотталған. Арасында Қайрат Боранбаев та бар. Ол 2022 жылы наурызда "квазимемлекеттік сектордан ірі көлемде ақша жымқырды" деген күдікке ілінген. Оған QazaqGaz ұлттық компанияның газын сату бойынша келісімнен түскен шамамен 14,6 млрд теңге қаражатты жымқырды деген айып тағылған.

XS
SM
MD
LG