Accessibility links

Махса Әмини жөнінде жазған екі журналисті Иран көп жылға соттады


Иран журналистері Элахех Мохаммади (сол жақта) мен Нилуфар Хамеди
Иран журналистері Элахех Мохаммади (сол жақта) мен Нилуфар Хамеди

Жексенбі күні Иран соты хиджабты дұрыс кимеді деген себеппен ұсталып, қамауда өлген 22 жасар Махса Әмини туралы жазған екі журналисті көп жылға соттады.

Иранның IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігінің мәліметіне қарағанда, "Америка үкіметімен сыбайласқаны үшін" 31 жастағы Нилуфар Хамеди 7 жылға, 36 жастағы Элахех Мохаммади 6 жылға бостандығынан айырылған.

Екеуіне "ұлттық қауіпсіздікке қарсы әрекет етті, билікке қарсы үгіт-насихат жасады" деген айып тағылған. Адвокаттарының сөзінше, екеуі де тағылған айыпты мойындамаған. Олардың апелляциялық шағым түсіруге 20 күні бар.

Былтыр Иранның әдеп полициясы "хиджабын дұрыс кимеген" деген желеумен ұстап, өлтірген соң Иранда кейінгі ондаған жылда сирек болған жаппай қарсылық акциясы басталған еді.

Нилуфар Хамеди Тегеран ауруханасында комада жатқан қызы Махсаны ата-аналары құшақтаған сәтті суретке түсіргеннен кейін қамауға алынған. Элахех Мохаммади Махсаны Секкез қаласындағы жерлеу рәсімі туралы жазған соң тұтқындалған.

"Хамеди мен Мохаммади соты - Иран билігінің журналистиканы қылмыс әлемімен байланыстырғысы келетін жанталасы, сөз бостандығына өрескел нұқсан келтіретін әрекет", - деп мәлімдеді Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка бойынша журналистерді қорғау комитетінің үйлестірушісі Шериф Мансур.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG