Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 4 қарашада Facebook парақшасында жазба жариялап, "қарыздарды төлеудің шарықтау шегі алдағы жылдарға келеді" деп жазды.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің жазуынша, тәуелсіздік алғалы бері 2020 жылға дейін Қырғызстанның сыртқы қарызы 5 млрд долларға жеткен.
"Бұл қарыздарды процентімен толық төлеу кезеңі билікте мен командаммен бірге отырған шақпен тұспа-тұс келіп отыр... Ең бастысы – сыртқы қарызды өз күшімізбен, нақтырақ айтсақ, бюджет есебінен төлеп жатырмыз. Бұрын қандай да бір бөлігін сырттан алынған грант немесе несие есебінен өтегенбіз" деді Жапаров.
Президент сонымен бірге бюджет тапшылығы мен түрлі дағдарысқа қарамастан қарыз уақытында өтеліп жатыр деді.
"Егер елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық болса, онда [сыртқы қарызды] әрі қарай да төлеуге күшіміз жетеді... Жемқорлықты 100 пайыз жоймасақ та, 90 пайызын құрттық. Сондықтан бюджетіміз де молайып жатыр" деді Садыр Жапаров.
Ол жазбасында зейнетақы, жалақы мен жәрдемақы өскенін атап өтіп, елде жол, мектептер мен балабақшалар, әуежай және өзге де нысандар салынып жатқанын айтқан.
Жапаров "егер сыртқы қарызға төленетін ақша қазынада қалғанда бұдан да көбірек жұмыс атқарылушы еді" деді.
Мамырда мемлекеттік "Кабар" ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында Садыр Жапаров билік қазірдің өзінде сыртқы қарызын жаба алады деп мәлімдеген. Оның айтуынша, 2023 жылдың 31 мамырына дейін елдің сыртқы қарызы 4,5 млрд долларды құраған.
"Алайда барлық несие бойынша 20-40 жыл аралығында жеңілдік кезеңі қарастырылған. Несиелерді мерзімінен бұрын жапсақ, қосымша процент төлеуге тиіс боламыз. Сондықтан бұл тиімсіз. Қарыздарды уақытында төлеуге мүмкіндігіміз бар. Қорқатын түк те жоқ" деді президент.
Оның сөзінше, 2022 жылы сыртқы қарызды төлеуге бюджеттен – 33,6 млрд сом, 2023 жылы 48,6 млрд сом жұмсалады. 2024 жылы бұл сома – 64,7, 2025 жылы – 75,1 млрд сом болмақ.
2023 жылдың наурыз айындағы мәлімет бойынша Қырғызстанның мемлекеттік қарызы – 5,6 млрд доллар. 4 млрд 511 миллионы - сыртқы несие. Қарыздың басым бөлігі (1 млрд 758 млн доллар) – Қытай экспорт-импорт банкінен (Эксимбанк) алынған. Одан кейінгі орында Азия даму банкі тұр. Одан Қырғызстан 708 млн доллар алған.