9 қараша күні Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік сотындағы еңбек мигранттарының ісін қарау реттелгенін мәлімдеді. Бұған дейін аталған сот ғимаратының алдына "заңсыз жүргені үшін" ұсталған жүздеген мигрант жиналып, сот шешімдерін күткен. Сот әкімшілігі күніне кемі 150 адамның ісі түсіп жатқанын, тіркеп үлгермей жатқанын айтса, басым бөлігі Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген мигранттар ас-су, пәтер жалдауға қаражаттары қалмағанын айтып налыған. Олардың алды сот шешімін күткеніне екі аптаға уақыт жуықтаған.
Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, әкімшілік істер Қазығұрт және Келес аудандық соттарына да қарауға берілген. Қазір Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік соты күніне кемі 200 еңбек мигранттың ісін қарап жатыр. Ал Қазығұрт аудандық соты - 70-80 , Келес аудандық соты - 35-40 істі қарап шешім шығарып жатыр. Барлық іс ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің хаттамасымен түскен.
Соттың хабарлауынша, Сарыағашта соттың маңына мигранттарға арнап әскери қызметкерлер дәретхана мен 40 орындық палатка тұрғызған.
9 қарашада Азаттық кейбір мигранттарға хабарласқан кезде олардың ісі қаралып біткені белгілі болды. Ақпаратқа қарағанда, қазір түсіп жатқан істер бір күн ішінде қаралып жатыр. Бұрынғыға қарағанда, істерді қарау жылдам болған.
Ресми мәліметке қарағанда, жыл басынан бері 7 қарашаға дейін Сарыағаш аудандық мамандандырылған ауданаралық соты мигранттарға қатысты 9 299 іс қараған. 3439 істі көршілес жатқан Қазығұрт және Келес аудандық сотына жіберген.
ПІКІРЛЕР