Израиль әскери авиациясы жексенбіге қараған түні және жексенбі күні Газаға жаңадан соққы жасады. Жергілікті тұрғындар атқылау үдегенін хабарлады. Бұл жөнінде Associated Press агенттігі жазды.
Израиль армиясының құрлық әскері АҚШ пен Еуроодақта террористік ұйым деп танылған ХАМАС радикалды тобының жасағымен "Әл-Шифа" ауруханасы маңында ұрыс жүргізіп жатыр. Израиль ХАМАС-ты аурухана аумағына экстремистердің командалық пунктін шоғырландырды деп айыптап отыр. Аурухана қызметкерлері мен Газа секторын бақылайтын қарулы топтың өзі мұны терістейді.
Израиль армиясының баспасөз қызметі телеграм-арнасында ЦАХАЛ жойғыш ұшақтары Сириядағы "террористік инфрақұрылым" нысандарына соққы жасағанын хабарлап, мұны Голан жотасы бағытындағы шабуылдарға "жауап" деп атады. Бұған қоса, Ливандағы бірқатар нысандарға да соққы жасалған. Арасында "Хезболланың" әскери бекеттері де бар. BBC ақпарат агентігінің жазуынша, бұған дейін "Хезболла" Ливаннан Израильдің солтүстігіндегі Дов таулы аудандарына бірнеше ракета ұшырған.
Сенбі күнгі телеарнада сөйлеген сөзінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС кепілдікте ұстап отырған шамамен 240 израильдікті босатпаса, тараптар арасында ешқандай келісім болуы мүмкін екенін айтты. Шамамен 240 адамды ХАМАС радикалды тобы 7 қазанда Израильге шабуыл жасаған кезде ұстап, содан бері босатпай отыр. 7 қазаннан бері бірнеше мың адам қаза болды. Сол шабуылдан кейін Израиль соғыс жағдайын жариялап, Газа секторында ірі әскери операция бастаған.
57 араб және мұсылман елдерінің басшылары 11 қарашада соғысты тоқтатуға шақырды. Сауд Арабиясы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін "өз міндеттерін орындамай отыр" деп айыптап, Израильді Газадағы әрекеті үшін жауапқа тартуға шақырмады деп те сынады. Алайда Эр-Риядта өткен саммитте олар ХАМАС радикалды тобының әрекетін айыптамаған.
Associated Press-тің жазуынша, сенбі күні Биньямин Нетаньяху Газа секторына қатысты соғыстан кейінгі жоспарын айта бастаған және бұл Израильдің жақын одақтасы АҚШ-тың көзқарасына қайшы. Нетаньяхудың айтуынша, Газа демилитаризацияланып, Израиль экстремистерді анықтау үшін секторға еркін кіріп-шыға алатындай дәрежеде аумақтағы қауіпсіздікті бақылауда ұстайды. Нетаньяху сонымен бірге қазір Батыс жағалауының бір бөлігін басқарып отырған Палестина әкімшілігі белгілі бір кезеңде Газа секторын бақылауы мүмкін деген идеядан бас тартқан.
Бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен АҚШ Израильдің Газа секторын қайта оккупациялауына қарсы және Газа секторы мен Батыс жағалауда бірыңғай палестиндік үкімет құруды қарастыратынын айтқан.
"Израиль жетекшілері секторды қайта басып, Газа секторында бақылауды өзіне қайтаруды көздеп отырған жоқ" деген еді Блинкен 8 қарашада Токиодағы "Үлкен жетілік" елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуінен кейін.
ПІКІРЛЕР