Accessibility links

Қазақстанға қызылшаға қарсы жарты миллион екпе әкелінді


Алматыға қызылша, қызамық және паротитке қарсы екпенің алғашқы партиясы (500 мың доза) жеткізілді, деп хабарлады Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі. Екпе Қазақстан аймақтарына шұғыл жеткізіледі деп айтылады.

1 қарашада Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова қызылша, қызамық және паротитке қарсы қосымша екпе егу науқаны туралы қаулыға қол қойған. Екпе бірінші кезекте 6-11 ай аралығындағы балаларға егіледі. 1 желтоқсаннан бастап 2 және 5 жастағы балаларға екпе статусына қарамастан салынады, бұған қоса профилактикалық екпені өткізіп алған 18 жастағы азаматтар және медицина қызметкерлеріне (55 жасқа дейінгі) де екпе егіледі.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, вакцинация кезінде қызылша, қызамық және паротитке қарсы Serum Institute of India компаниясының екпесі қолданылады.

"Бұл вакцина өндірісі ДДСҰ-ның қайта квалификациясынан өткен, ол шығарылатын вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік береді. Қызылшаға қарсы вакцина 60 жыл бойы қолданылып келеді және індеттің таралуын тоқтату үшін ұсынылады" деп жазылған министрлік хабарламасында.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, 2022 жылы қызылшаға шалдыққандар 2021 жылмен салыстырғанда 18 пайызға артқан. Ал инфекциядан өлім көрсеткіші 43 пайыз көбейген. ДДСҰ сарапшылары кейінгі жылдары ауру көрсеткіші көбеюін вакцинация деңгейінің төмендігімен байланыстырады.

Ақпан айынан бері Қазақстанда 13 мыңға жуық адам қызылшамен ауырған, 11 мыңы - бала.

XS
SM
MD
LG