Қостанай қаласының әкімшілік соты белсенділер Дәурен Сұлтанғали, Алина Смаковая және Сандуғаш Санд-Ахметті "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша кінәлі деп танып, әкімшілік қамауға жіберді. Сот шешіміне сәйкес, Дәурен Сұлтанғали – 8 тәулікке, Алина Смаковая - 5 тәулік, Сандуғаш Санд-Ахмет 5 күнге қамалды.
Сот шешіміне қарағанда, 15 қарашада Алина Смаковая Қостанайда "Телеграм арқылы видео жариялап, белгісіз бір топты митингіге үндеп, заңмен бекітілген бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзған". Сот отырысында Марат Жыланбаевты қолдаған видео жариялағанын растап, оны көп адам көрмейтін чатқа жариялағанын айтқан. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамаған.
Сандуғаш Санд-Ахметтің сот шешімінде де осыған ұқсас сөйлемдер бар. Дәурен Сұлтанғалидың сот шешімі әлі жарияланбады. Бір күн бұрын ол Азаттыққа өзін "Марат Жыланбаевты қолдаған видео жариялағаны үшін" айыптағанын айтқан. 23 қарашада кешке Азаттыққа өзін 8 тәулікке хабарлады.
Осыған дейін 25 қарашада Қазақстанның бірқатар өңірінде белсенділер тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының жетекшісі, танымал марафоншы Марат Жыланбаевты қолдап, акция өткізетінін хабарлаған еді. Кейбір құқық қорғаушылар кейінгі күндері жиілеген ұстауларды сонымен байланыстырады.
Бұған дейін Астанада бірнеше белсенді 15-20 күн аралығында әкімшілік қамауға алынған. Бір күн бұрын "Ар.Рух.Хақ" қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында "25 қараша алдында ұстау, қорқыту, қоқан-лоқылар басталды. Ақпарат жинақтаймыз. Құқық қорғаушыларды белгілеңіздер" деп жазған.
23 қарашада ішкі істер министрі Ержан Сәденов оппозиция митингілері қарсаңында "әдетке айналған" ұстауларға түсініктеме берді. "Оларды үйінен ұстап әкетеді. Бұл қаншалықты дұрыс?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына министр "Үйден ұстау деген ондай нәрсе жоқ шығар. Жалпы митинг туралы заң бар. Заңды сақтау керек" деді.
Марат Жыланбаев – Қазақстанда билікті қатаң сынап жүрген оппозиция белсендісі. Қазір ол Астанадағы тергеу изоляторында қамауда отыр. Марат Жыланбаевқа "экстремизмді қаржыландыру" және "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" бабы бойынша айыптар тағылып отыр. Белсенді мен жақтастары тағылған айыппен келіспейді.
Бұған дейін белсенді соттың жабық өтуіне байланысты наразылық білдіріп, аузын тіккен (қылмыстық атқару жүйесі департаменті кейін тігісін алғанын айтқан, кей мәліметке қарағанда күшпен алдыртқан болуы мүмкін), ізінше аштық жариялаған. Адвокаты ол денсаулығына байланысты 17 қарашада аштық акциясын тоқтатуға мәжбүр болғанын білдірген. Оның сөзінше, 1 қарашадан бері Жыланбаев 14 келіге арықтаған.
Өткен аптада прокурор соттан Марат Жыланбаевты 10 жылға еркінен айыруды өтінген.
Жыланбаев ісінің саясиланғанын айтқан құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған. Билік ол тіркегісі келген "Алға, Қазақстан" партиясының өтінішін талай рет қайтарған.
Қазақстанда 2020 жылы қабылданған "бейбіт жиын өткізу" туралы заңды билік "демократияға қадам" деп мақтаса, құқық қорғаушылар "жаңа заңда ескі шектеулер сақталып қалған" деп сынаған.
ПІКІРЛЕР