"БІРДЕ-БІР ӘЙЕЛ ӨЗІН ҚАУІПСІЗ СЕЗІНБЕЙДІ"
Қазақстандағы ең шулы оқиғалардың бірі – "Астана медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КеАО) студентінің мәлімдемесінен кейін оқытушының жұмыстан қуылуы. Студент өзіне оқытушы тиіспек болғанын айтып шағымданған. Бойжеткен 2023 жылғы 7 қарашада Instagram желісіндегі парақшасына университет профессоры "жыныстық қатынасқа көндірмекші болды" деп жазған. Қыздың айтуынша, профессор студенттің құрсағының төменгі жағын сипалап, омырауын қысқылаған. Оқытушы өз әрекетін "тексеріп жатырмын" деп түсіндірген.
Астанадағы Сарыарқа аудандық полиция басқармасы бастапқыда "материалды тексеру қорытындысы бойынша, істі расталмаған деп тану туралы шешім қабылдағанын" мәлімдеді. Бірақ қоғамдағы резонанс туып, аудиоайғақтан кейін полиция Қылмыстық кодекстің 121-бабы ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері") бойынша іс қозғады. Ал университеттегілер "комиссия этика кодексі мен академиялық саясат кодексін бұзатын бірқатар әрекеттерді анықтап", оқытушыны жұмыстан шығарып жібергенін хабарлады.
Осы оқиғалардан кейін студент қыз интернет кеңістікте виктимблеймингке ұшыраған. Виктимблейминг – жапа шеккен адамның өзін қоғам болып айыптайтын құбылыс. Ол Қазақстанда кең тараған.
"Сол оқиғадан бері күн сайын жылаймын. Әлі жаным жай тапқан жоқ. Түн ортасында оянып кетіп, сол бір оқиғаны ойша тағы бастан кешемін. Омырауымды кесіп тастағым келеді. Өз-өзімнен жиіркенемін, оған қоса желідегілер маған өшігіп, неше түрлі сөз жазады", – дейді студент.
Осыдан кейін Ботагөз Кәукенова есімді резидент-дәрігер жұмыс орнында харассментке ұшырағаны туралы жазып, әріптесіне қолдау білдірді. Өкінішке қарай, Қазақстандағы медицина қоғамында қызға иерархия бойынша өзінен жоғары тұрған ер адамдардың сексуалдық мақсатта тиісуі қалыпқа айналған дейді ол.
"Бір жыл бұрын жұмыс күні түскі үзіліс уақытында мен резиденттер бөлмесінде пациенттің тарихын жазып отырғанмын. Жанымда бір қыз болды. Хирургтердің бірі – мен онымен ординаторлар бөлмесіне кездескенім болмаса, онша танымаймын – ішіп алып, біз отырған бөлмеге кіріп келді. Сасқанымыздан не істерімізді білмей отырып қалдық. Бір кезде ол менің ту сыртымнан жақындап, иіскей бастады. Құдай сақтап, сол сәтте кабинетке тағы бір әріптесіміз кіріп келіп, бәріміз бірге дәлізге шығып кеттік. Жанымдағы қыз әлгі адам медбикелердің жанында өзін үнемі осылай ұстайтынын айтты.
Мен не істесем екен деп ұзақ ойландым. Алдымен мұнысы дұрыс емес екенін айтып, өзімен сөйлескім келді. Бірақ мені тыңдамайтынын білдім. Әлде хирургия бөлімінің басшыларына барып, осы жайында айтып, қызметкерлерге sexual harassment бойынша курс өткізуін өтінсем бе екен деп ойладым. Тіпті әлеуметтік желіге жазып тастасам ба деген ой келді. Бірақ сол күйі ештеңе істемедім және әлі күнге өзімді жазғырамын әрі ұяламын", – деді Азаттыққа Ботагөз Кәукенова.
Медицина қызметкері әрбір дәрігер әйелдің жұмыс барысында ер адамдардың орынсыз қылығына куә болған бірнеше оқиғаны басынан өткергеніне сенімді. Тек ол туралы айтуға болмайды, себебі оқуда немесе жұмысты қиындыққа тап болуы мүмкін.
"Әңгіме тек қана физикалық зорлық-зомбылықта, қол жүгірту немесе зорлауда емес. Ол да болады. Бірақ жұмыс орнында ер адамдардың сексуалды әрекеті – тек физикалық қатынаспен шектелмейді, олар вербалды немесе визуалды да харассмент жасайды.
Медицина саласы ғана емес, әтүрлі салада әйелдердің мұндай жағдайға тап болатыны – қоғамдағы шындық. Қазір жұрт студент айтпағанды айтты деп оны айыптап жатыр. Мұндай қадамға бару үшін адамға ерік-жігер керек. Оны жан-жақтан айыптап жатқандарды көріп жүрмін. Бірақ оған сенбегендерге айтарым, сексуалды зорлық-зомбылық көрдім деп біреуді өтірік айыптайтындар саны 2-10 пайыздан аспайды. Мен он жыл бойы талданған мәліметтердің есебін оқыдым. Солардың ішінде жалған айыптау – 5,9%. Бұл дегеніміз, сирек кездесетін жайт. Жәбір көрген адамға сену қиын шығар, өйткені оның орнында кез келген уақытта кез келген басқа бір қыз болуы мүмкін дегенге ешкім сенбейді", – дейді Кәукенова.
Дәрігердің сөзін "Луч света" гендерлік зорлық-зомбылықты жою бойынша Орталық Азия азаматтық қоғамы ұйымдарының өңірлік желісінің мүшесі Нұржамал Иминова растады. Қоғам белсендісі Қазақстанда бірде-бір әйел өзін қауіпсіз сезінбейді дейді. Иминова бұл жөнінде Қазақстанның адам құқықтары бойынша халықаралық бюросының баспасөз орталығында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
"Қазіргі кезде бірде-бір әйел өзін қауіпсіз сезінбейді. Мейлі үйінде болсын, мейлі жұмыста, қоғамдық көлікте, оқу орнында және қоғамдық орында болсын. Біздің құндылықтар жүйесінде гендерлік теңдік пен зорлық-зомбылыққа төзбеу сияқты құндылықтарға орын жоқ. Бұл жүйені адамға бала күнінен сіңіреді. Оқу орындары толеранттық, теңдік және диалог мәдениетін дамытуға лайықты көңіл бөлмейді", – дейді Нұржамал Иминова.
Қоғам белсендісі зорлық-зомбылыққа төзбеу мәдениеті заңнан басталады деп есептейді. Қазір бізде жәбірлеушілерге қатысты заң солқылдақ, ал оның дұрыс жұмыс істемеуі әлгіндей қылмысқа баратындарға жазаға тартылмайтынын сезіндіреді, құқық жүйесін бұрмалайды. Мұның салдары абьюзден де ауыр дейді ол.
"КӨРЕ ТҰРЫП, ЖАНЫНАН ӨТІП КЕТУ – МОРАЛДЫҚ ҚЫЛМЫС"
Павлодарлық Динара Қанжағалинова Италияның Турин қаласында оқып жүр. 20 қарашада ол Италияда өтіп жатқан әйелдерге зорлық-зомбылық жасауға қарсы шеруге шыққан. Қолына Салтанат Нүкенова мен оның өліміне кінәлі деген айып тағылған адамның суреті бар плакат ұстап тұрды. Нүкенова азапталып өлтірілген уақытта Италияда Джулия Чеккеттин есімді 22 жастағы студент те кісі қолынан қаза тапқан. Джулияны өлтірді деген күдікке ілінген сүйіктісіне айып тағылды. Италия үкіметі қайғылы оқиғаға дереу үн қатып, әйелдерді қорғауға қатысты шараларды күшейту туралы заң жобасын мақұлдады. Италия білім министрлігі оқу орындарын марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алуға шақырды.
"Университеттен поштама хат түсті. Италияда бір қызды айуандықпен өлтіріп, денесін сайға лақтырып кеткен деп жазылған. Джулияның оқиғасынан кейін ертесіне лекцияда оқытушылар осы оқиғаны сөз етіп, проблеманы талқылай бастады. Мұндай кезде үндемей қалуға болмайтыны, мәселені ашық айту, өз ұстанымыңды білдіріп, пикетке, шеруге шығу керегі айтылды. Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетумен күреске мен де үн қосқым келді. Қазақстан азаматы ретінде елімізде болған қайғылы оқиғаға көз жұма алмадым. Жәбірленушілерге қолдау көрсетпей, жай ғана жанынан өтіп кету – моралдық қылмыс", – деді Динара Қанжағалиева Азаттыққа.
Италияда, сол елдің ІІМ деректеріне сәйкес, 2023 жылы 100-ден аса әйел кісі қолынан қаза тапса, Қазақстанда 400-ден аса әйел өлген.
Қазақстандық халықаралық ынтымақтастық факультетінің студенті Еуропада сексизм мен патриархал жүйе әлі де бар дейді. Бірақ Қазақстанмен салыстырғанда, әсіресе қоғам мен үкіметтің осындай оқиғаларға деген реакциясынан айырмашылық айтарлықтай байқалады екен.
Джулияның өлімі қоғамды дүр сілкіндіріп, бұл туралы тіпті елдің ең жоғарғы басшылары пікір айтып сөйлеген. Саясаткерлер әйелдерден ер адамдар атынан кешірім сұраған. Премьер-министр Джордж Мелони әйелдерді қорғау шараларын күшейтуге пәрмен беріп, елде ақпараттандыру науқаны басталған. Университеттерде әйелдерге зорлық-зомбылық жасаумен күрес туралы лекциялар оқылған.
"Қазақстанда жағдай керісінше. Иә, әлеуметтік желілерде көп айтылып, БАҚ та зорлық-змобылық туралы жазып жатыр, бірақ биліктен президенттің іс бақылауға алынды дегенінен басқа ештеңе естімедік. Бұл мәселе бәрімізге ортақ, біздің міндетіміз – бұл істі жылы жауып қоймас үшін қоғам болып өз ұстанымымызды көрсету", – деп есептейді Динара.
"ЕШҚАНДАЙ СЕБЕП ӘЙЕЛ ҚҰҚЫН БҰЗУ ӘРЕКЕТІН АҚТАМАЙДЫ"
Виктимблейминг кезінде көп айтылатын айыптау – "өзі жеткізді", "мазаққа көніп, кетпей жүрді, демек оның өз есебі болған", "бұған дейін неге үндемеген". Жәбірленушіні өзін-өзі қорғамады, қарсыласпады, қашып кетпеді деп жазғырады.
Тәжірибе жасап жүрген психотерапевт, психология ғылымдарының кандидаты Русана Ғалымханова зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдің қандай күй кешетінін түсіндіріп берді.
"Швецияда ғалымдар бір айдан астам зорлық-зомбылық көрген 298 әйелмен әңгімелескен. Сауалнамаға жауап бергендер зорланғанын айтып, зардап шеккендерге көмек көрсететін орталыққа жүгінген. Сол әйелдердің 70 пайызының жүйкесінде тежелу басталған. Ол сал болып қалғанмен бірдей, яғни үрейден миы жұмыс істемей қалады. 48 пайызында тежелу өте жоғары деңгейде байқалған. Агрессия кезінде адам мелшиіп қалады, сондықтан зорлыққа зорлықпен жауап беретіндер өте сирек. Ол физиологиялық реакция. Үрей – сүтқоректілерге тірі қалуға көмектесетін базалық эмоция. Физиология тұрғысынан қорыққан кезде адам денесі гормондар бөледі. Күйзеліс сәтінде мелшиіп қалу – қалыпты жағдай. Өзіңе-өзің қашып кет, құтыл деп айта алмайсың. Үрей мен оған деген реакцияның арқасында біз түр ретінде аман қалғанбыз, сондықтан оған қарсы ештеңе істей алмаймыз", – деді Русана Ғалымханова.
"Ұр, қаш немесе мелшиіп қал" – қорғаныстың эволюциялық қағидасы. Осының негізінде адам қатер төнген сәтте не істеу керегін анықтайды. Күресе ме, қашып кете ме, әлде мелшиіп тұрып қала ма – бәрін оның түйсігі шешеді. Осы үш реакцияның кез келгені – орынды, бірақ адамдар көп жағдайда қарсыласпайды немесе күреспейді, керісінше, қорыққаннан қозғала алмай қалады", – дейді психотерапевт.
"Қатып қал" деп аталатын қорғаныс механизмі іске қосылғанда тек психика ғана белсенді жұмыс істейді. Оны қарапайым тілмен айтсақ, мұндай кезде адам болып жатқан оқиғаны санасында саралап, талдап, ары қарай не істеу керегін шешеді", – дейді Русана Ғалымханова.
Зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың бәрі дерлік депрессияға шалдығады немесе жарақаттан кейінгі ауытқушылықтан зардап шегеді. Кейінгісі соғысқа қатысқандарда көбірек болады, бірақ мазасы қашу, басынан өткені туралы ауыр ой меңдеу, қорқынышты түс көру – әлгіндей жарақат алғандардың бәрінің басында болатын жағдай.
"Маған отбасында зорлық-зомбылық көргендер жиі көмек сұрап келеді, көпшілігінен селсоқтықпен қатар үйреншікті дәрменсіздік байқаймын. Ол ауру емес, адамның көңіл күйі. Мұндай күйге әйел абьюзерден құтыла алмайтынына сенген кезде түседі. Оған себеп көп. Мәселен, бір рет кетуге тырысып, бұрынғыдан бетер таяқтың астында қалып, қайта оралса. Болмаса, жәбірленуші отбасында осындай қарым-қатынасты көріп өсіп, оны қалыпты деп санаса. Мұндай кезде "кетіп қал" деген кеңес әсер етпейді, оған психологиялық көмек керек. Қателеспесем, статистика бойынша абьюзге шыдайтын әйелдер шамамен 7-8 рет қайта оралып барып, біржола кетеді", – деді психотерапевт Ғалымханова.
Психология ғылымдарының кандидаты виктимблейминг зорлықпен күреске кәдімгідей кедергі жасайды деп есептейді. Зәбір көрген жанды одан сайын тұқырту оның өзіне ғана емес, басқа жәбірленушілерге де кері әсер етеді. Зорлықтың қандай түріне болса да төзбеу оның етек жаймауына ықпал етер еді.
"Әлеуметтік желінің ықпалы өте зор. Қорлық көріп жүргенін айтпайтын жәбірленушілердің бірі интернеттегі ұрып-соғу, зорлау немесе өлтіру туралы жазылған постның астындағы пікірлерді оқып, өзі сияқты жәбірленушіге тіл тигізіп жатқанын көреді. Болмаса туысына барып, шағым айтады, ал ол жәбірлеушіні жақтайды. Сөйтіп, үнсіз қала береді. Алайда Салтанаттың оқиғасы түрткі болды. Әйелдер қоғамның моралдық қолдауын сезініп, шындықты бүкпесіз айта бастады. Сондықтан қазір айтуға батылы жеткен әрбір жанды қолдау – өте маңызды", – дейді Русана Ғалымханова.
"Виктимблейминг мәдениеті қоғамда белең алған. Болған оқиғаға жәбірленушінің өзін кінәлайтындар көп. Ажыраспады, керісінше күйеуіне қарсы шығып, ажырасқысы келді, түнде көшеге шықты, қысқа көйлек киді, ернін басқаша бояды деп жатады. Бірақ әйел құқығын бұзу әрекетін ешқандай себеп ақтамайды", – деп түсіндірді Нұржамал Иминова.
"ӘРБІР ҮШІНШІ ӘЙЕЛ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ДУШАР БОЛАДЫ"
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әрбір үшінші әйел серігінің немесе басқа ер адамның физикалық немесе сексуалдық зорлық-зомбылығына душар болады.
Қоғам белсендісі, "Отбасындағы және тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы әрекеттер саласында шетелдік заңнамаларға талдау" баяндамасының бірлескен авторы Муслима Хасанованың мәліметтерінше, отбасы-тұрмыстық қарым-қатынасқа қатысты қылмыстық құқықбұзушылық санаттарының ішінде ең көбі – ауыр қылмыс, шамамен, жылына 322 факт тіркеледі.
2009 жылы Қазақстанда "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу" туралы заң қабылданды. Сол заңда полиция жәбірленушіні отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғауға және медициналық, заңды көмекті қосқанда, барлық қажет қолдауды көрсетуге тиіс делінген. Сондай-ақ заңда "қорғау нұсқамасы" мен "профилактикалық әңгіме" деген ұғымдар бар.
2017 жылы Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмыс қатарынан алып тастады. Ұрып-соғу денсаулыққа жеңіл зарар келтіру деп есептеліп, Қылмыстық кодекстен Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне ауыстырылды. Қазақстан полициясының мәліметінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін 60 мыңға жуық адам жауапқа тартылған. Ең көбі Астанада – 7,5 мың, одан кейін Жамбыл облысында – 6 790, Алматыда 6 780, Павлодарда 6,5 мың факт тіркелген.
2020 жылы қоғам белсенділері "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасын қайта қарауға қол жеткізді. Заң агрессормен жұмыс және ведомствоаралық координацияны реттейтін механизмді қарастыратын. "Қазақстандағы тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институты" қоғамдық қорының президенті Маргарита Өскембаева Салтанат Нүкенованың қазасына арналған баспасөз конференциясында жобаны "алдыңғы қатарлы сарапшылардан да күшті болып шыққан хейттердің көбеюі салдарынан ұзақ уақытқа кейін шегеріп тастады" деді.
"Агрессормен мамандар жұмыс істеуі керек. Қазір ІІМ әйелдерді қорғауға арналған ODARA пилот жобасын іске қосып жатыр. Жоба барысында психологтар абьюзермен жұмыс істейді. Мен бұл жобаға қарсымын, себебі мамандардың жалақысы салық төлеушілер, яғни біздің есебімізден төленеді. Сот агрессорды маманға баруға міндеттеуі керек, бірақ оны кім бақылайды? Олармен қандай маман жұмыс істегісі келеді? Өйткені психолог барлық жағдайда бірдей көмектесе алмайды, кейде психиатр керек", – дейді Өскембаева.
1 шілдеден бастап қазіргі заңға өзгерістер енгізілді. Енді жәбірленушінің арызы болмаса да әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша хаттама толтыруға бұдан былай куәгерлердің сөзі, көршінің куәлігі, бейнебақылау немесе бейнетіркеу камерасындағы жазбаның өзі жеткілікті. Тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді, түпкілікті шешімді сот шығарады.
Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейді. Заң қабылданғалы бері кейінгі төрт айда әкімшілік жауапқа тартылғандар саны өскен. Биыл екінші тоқсанда 7000 адам заң алдында жауапқа тартылса, төртінші тоқсанда ол 27 мыңға жеткен.
Қоғам белсенділері заңды күшейту мен зорлық-зомбылық жасаған адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту – әйел қауіпсіздігінің кепілі емес, ең бастысы өкілетті органдар сапалы жұмыс істеуге тиіс дейді.
"Бар заңды орындаудың өзі көп нәрсе өзгертер еді. Бірақ өкілетті органдар жұмыс істегісі келмейді. Шынымен көмектескісі келетін адал полицейлер бар. Олар менімен хабарласып, отбасында жәбір көрген адамды дағдарыс орталығына орналастыруымды сұрап тұрады. Олармен бірлесіп жұмыс істейміз. Бірақ бізде қорғау нұсқамасы деген шара бар. Ол дұрыс жұмыс істемейді, себебі полиция қызметін дұрыс атқармайды. Нұсқама жазу үшін абьюзерді тауып, одан жауап алу, т.б. керек. Мұның бәрі жауапкершілік, уақыт шығындау, онымен бәрі бірдей айналысқысы келмейді. Сондықтан органдардың жауапкершілігі де заң жүзінде реттелуге тиіс", – деп есептейді Өскембаева.
Қоғам белсендісі саяси тұлғалар көпшілікті зорлық-зомбылыққа төзбеуге шақырып, мәселені биік мінберден көтерсе ғана елде өзгеріс болатынына сенімді.
ПІКІРЛЕР