Accessibility links

Астанада күштік құрылымдар бір жылдан астам уақыттан бері ұлын іздеп жүрген ананы Ақордаға жібермеді


Арнайы жасақ өкілі Түркістан облысының тұрғыны Боранкүл Орынбекованы Ақордаға жібермей тұр. Астана, 6 желтоқсан 2023 жыл.
Арнайы жасақ өкілі Түркістан облысының тұрғыны Боранкүл Орынбекованы Ақордаға жібермей тұр. Астана, 6 желтоқсан 2023 жыл.

Астанада арнайы жасақ Түркістан облысының тұрғыны Боранкүл Орынбекованы Ақордаға жібермеді. Астанаға балалары мен немерелерін ертіп келген әйел бір жылдан астам уақыттан бері ұлы Еркеболатты іздеп келеді. Әйел 6 желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрағысы келген, бірақ ол Ақордаға қарай өте алмады.

Орынбекованың сөзінше, 32 жастағы Еркеболатты соңғы рет былтыр маусымда Шымкентте көрген. Оны іздеп таппағаннан кейін 2022 жылы 28 қыркүйекте әйел полицияға арыз түсірген. Ол тергеу органдарының ұлы "өлген болуы мүмкін" деген болжамымен келіспейді. Ол істе қарама-қайшылықтар барын алға тартады.

— Ақпан айында [сол кезде Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы болып тұрған] Дәлбековке кірдім. Ол оны төрт күнде тапты. "Сіздің ұлыңыз өлген" деді. Бір аптадан соң Дәлбековке қайта кірдім. Күдік тудыратын жайттар көп болды. Неге олар туыстарына хабарламайды? Алпамсадай жігіт өледі. Оны алады да жерлей салады. Туыстарын іздемейді. Неге? - дейді Орынбекова.

Орынбекованың сөзінше, орташа бойлы ер адамды жерлеген, ал Еркеболаттың бойы екі метрге жетеді.

—Прокурорлардан "бұл қылмыс па?" деп сұрасам, "иә, қылмыс" дейді. Ал бізге берген жауаптарында "қылмыс болған жоқ" дейді. Олардың сөздерінше, құжатта бойы қысқа ер адам жерленгені жазылған. Бірақ Еркеболаттың бойы биік. Оның бойы да, салмағы да сәйкес келмейді. Еркеболатты жерлегеніне күмәнім бар, – дейді Боранкүлдің тағы бір ұлы Бағлан Орынбеков.

Сәрсенбі күні Боранкүл Орынбекова наразылық жасамақ болған кезде жақынын іздеп жүрген адамдарға полициядан тергеуші хабарласты. Өзін Мирас Маматаев деп таныстырған адам Астанада "шу көтермеуді" сұрап, эксгумация жасалатынын айтты.

Боранкүл Орынбекова тергеушінің сөзіне күмәнмен қарап, Астанаға президенттің қабылдауына арнайы келгенін айтты.

Арнайы жасақ өкілдері жақынын іздеген адамдарды Ақордаға жолатпады.

Боранкүл Орынбекова билікке ешқандай қатер төндірмейтінін айтқанмен арнайы жасақ оның жолын бөгеді. "Қолыңды тарт! Кет деймін. Сенде де ана бар шығар?". Ал күштік құрылым өкілі "өздерінің міндеттерін атқарып жатқаны" айтты. Арнайы жасақ өкілі бастапқыда мәжілістің қабылдауына баруды ұсынған. Онда азаматтарды қабылдау орталығы орналасқан.

Орынбекова ол жақта жүз рет болғанын жеткізді.

- Президенттің қабылдауына кіру үшін сырқатқа қарамастан сонау шалғайдан келдім. Өзіммен бірге балаларым мен немерелерімді ертіп әкелдім. Президенттен ғана үмітім бар. Менде басқа үміт жоқ. Әбден қажыдық, түсінесіздер ме? Бір жарым жыл. Шаршап кеттім. Сіздердің де аналарыңыз, балаларыңыз бар шығар? – деді Орынбекова күштік құрылым өкілдеріне.

Боранкүл Орынбекованың өзге ұлы Бағлан Орынбеков жөнінде бұрын Азаттық жазған. 2021 жылы Бағлан Орынбеков отбасымен бірге президент резиденциясына кірмек болған, алайда арнайы жасақ оларды қоршап, жүргізбей қойған. Бағлан Орынбековтің айтуынша, ол "Оңтүстік-Солтүстік" көші-қон мемлекеттік бағдарламасы аясында Павлодарға қоныс аударғысы келген, алайда тиісті көмек ала алмаған. Кейін оның сөзінше, президенттің қабылдауына кіруге талпынғанмен одан нәтиже шықпаған.

XS
SM
MD
LG