Accessibility links

Украина АҚШ-тан THAAD кешендерін, тікұшақ пен F-18 жойғыш ұшақтарын сұрады


"Блэк хоук" тікұшағының жанында тұрған ұшқыш.
"Блэк хоук" тікұшағының жанында тұрған ұшқыш.

Украина АҚШ-тан Ресей басқыншылығына тойтарыс беретін қару, атап айтқанда ракеталарды жоятын THAAD кешені, F/A-18 "Хорнет" жойғыш ұшақтарын, "Апач" және "Блэк хоук" тікұшақтарын сұрады. Бұл жөнінде тиісті құжаттармен танысқан Reuters агенттігі хабарлады.

6 қараша Вашингтонда өткен қорғаныс өнеркәсібі мәселелеріне арналған жабық жиында Украина қорғаныс министрлігі өкілдері қару тізімімен таныстырған. Жиынға АҚШ үкіметінің шенеуніктері, әскери өнеркәсіп жетекшілері қатысқан.

Ақпарат агенттігі дереккөзінің айтуынша, тізімде бұған дейін Украинаға жеткізілген қару түрлері (арасында "Абрамс" танкілері мен 155-миллиметрлік артиллерия, дрондар мен алысқа ұшатын ATACMS ракеталары да бар) мен бұрын-соңды Украина әскері қолданбаған жаңа қарулар да бар. Бұған қоса, Boeing-тің C-17 Globemaster ұшағы және Lockheed Martin құрастырған C-130 Super Hercules ұшағы, "Апач" және "Блэк хоук" тікұшақтары бар.

Сәрсенбі күні АҚШ президенті Джо Байденнің үндеуіне қарамастан АҚШ сенаты Украина мен Израильге әскери көмек және Газа тұрғындарына гуманитарлық көмек қарастыратын заң жобасын өткізбей тастаған.

АҚШ президенті конгреске мәлімдемесінде Вашингтон Ресей басшысы Владимир Путинге Украинадағы соғыста жеңуіне мүмкіндік бере алмайды деп айтқан. "Егер Путин Украинаны басып алса, ол мұнымен тоқтамайды" деді Байден. Путин НАТО одақтастарына шабуылдаса, онда Америка әскері ресейліктермен соғысады деді ол.

Бір күн бұрын Вашингтон Киевке 175 млн доллар көлемінде кезекті әскери көмек пакетін бөлетінін айтты. Американың Украинаға беретін кезекті көмек пакетінде әуе қорғанысына арналған, HIMARS жүйесіне арналған оқ-дәрі, артиллериялық оқ-дәрі, радиацияға қарсы жылдамдығы жоғары ракеталар, танкіні жоятын ракеталар, маңызды инфрақұрылымды қорғайтын жабдықтар, сонымен бірге қосымша техника, қызмет пен көлік қарастырылған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен егер конгресс ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосымша қаржы бөлмесе, онда бұл АҚШ-тың Украинаның қорғаныс саласына бөлген соңғы көмек пакеттерінің бірі болмақ деді.

XS
SM
MD
LG