7 желтоқсанда Алматы қалалық соты Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ қызметіне бірінші инстанцияда шыққан шешімді өзгеріссіз қалдырды. Қараша ортасында сот Азаттыққа қарсы арыз түсірген Шымкент тұрғыны Әлішер Турабаевтың шағымын қанағаттандырып, 103 500 теңге (220 доллар) көлемінде айыппұл салған. "Жалған ақпарат таратты" деп айыпталған Азаттық сот шешімімен келіспей, шешімді апелляцияға берген еді.
Әлішер Турабаев арызында Атбасар колониясында азапталған Тимур Дәнебаевты Көкшетау қаласындағы изоляторға ауыстырғаны туралы орыс тіліндегі жаңалықта Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) қатысты "Ресей жетекшілік ететін" деген тіркесті пайдалану дұрыс емес деп санап, сотқа шағымданған.
Бірінші инстанцияда Азаттықтың адвокаты Жанғазы Күнсеркин әкімшілік құқық бұзушылық болмағандықтан сот өндірісін тоқтату туралы өтініш беріп, одан бөлек лингвистикалық сараптама тағайындауды сұраған. Сот адвокаттың өтініштерін орындамады. Адвокат Жан Кунсеркин апелляциялық сот шешімі бес күн ішінде қолға тиетінін айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы 10 шілдеде қабылдаған түзетулер аясында Әкімшілік кодекске енгізілген "Жалған ақпарат орналастыру, тарату" бабын құқық қорғаушылар Ресейдің "фейк тарату" заңына ұқсас "жұмсақ" цензура құралы деп айтады (Ресейде кейінгі жылдары Әкімшілік кодекстің 13.15-бабының 9-бөлігі бойынша басылымдарға айыппұл салынды. Бұл бап "фейк жаңалықтар" туралы заң ретінде танымал).
Алматы әкімшілік сотының Азаттыққа қатысты шығарған қаулысы Қазақстан медиасында осы баппен жауапқа тартқан алғашқы жағдай болуы мүмкін. Бұл жаңа бап бойынша жекелеген азаматтардың әкімшілік жазаға тартылғаны белгілі.
- 1992 жылы Мәскеу бастамасымен құрылған ҰҚШҰ-ға Қазақстан және Ресеймен қатар Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения мүше. ҰҚШҰ-ның бірлескен штабының жетекшісі – Ресейлік әскери маман, генерал-полковник Анатолий Сидоров. ҰҚШҰ-ның қазіргі бас хатшысы – Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Иманғали Тасмағамбетов. Ұйымның штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан.
- 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде 200-ден астам адам қаза болған. Сол кезде Ақорданың өтінішімен ҰҚШҰ әскері Қазақстанға кірген. Сарапшылар ұйым құрылғалы бері ҰҚШҰ күші алғаш рет пайдаланылғанын айтқан.
- Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Орталық Азия, Шығыс Еуропа мен Таяу Шығыста 27 елден хабар тарататын тәуелсіз халықаралық ұйым. АҚШ конгресі қаржыландыратын Азаттық үкіметтер мен саяси топтардан тәуелсіз, оның редакциялық саясатына ешкім араласа алмайды. Азат Еуропа/Азаттық радиосының миссиясы сөз бостандығы шектелген елдерден цензурасыз ақпарат тарату арқылы демократия құндылықтары мен институттарын алға жылжыту. Азаттықтың Қазақ қызметі 1953 жылы құрылған, 2008 жылы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат таратын веб-сайты ашылды.
ПІКІРЛЕР