Accessibility links

Нетаньяху Путинмен әңгімесінде Ресейдің ұстанымын сынады


Израиль президенті Биньямин Нетаньяху мен Ресей президенті Владимир Путин. 2015 жылғы сурет.
Израиль президенті Биньямин Нетаньяху мен Ресей президенті Владимир Путин. 2015 жылғы сурет.

Ресей президенті Владимир Путин мен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторында ұрыс қимылдары жалғасып жатқан уақытта, жексенбі күні телефонмен сөйлесті. Екеуі 50 минуттай әңгімелескен, қоңырауға қай жақ бастамашы болғаны белгісіз. Times of Israel басылымының жазуынша, Нетаньяху Путинмен сөйлесу үшін министрлер кабинетінің отырысынан шығып кеткен.

Нетаньяху баспасөз қызметінің хабарынша, Израиль премьер-министрі "БҰҰ-дағы Ресей өкілінің Израильге қарсы ұстанымына наразылық білдірген" және "Ресей мен Иран ынтымақтастығын қатаң сынаған". Нетаньяху "ХАМАС секілді радикалды террор топ шабуыл жасаса, кез келген мемлекет Израиль секілді әрекет етер еді" деген.

Сонымен қатар, Нетаньяху Путинге Ресей және Израиль азаматтығы бар адамды бостандыққа шығаруға күш салғанына разылық білдірген және ХАМАС ұстап отырған кепілдерді босатуға септесу үшін Путиннен Қызыл Крестке қысым көрсетуді сұраған.

Кремльдің хабарлауынша, әңгімеде "Газа секторындағы апат пен гуманитарлық жағдай сөз болған". Путин "терроризмнің кез келген көрінісін айыптайтынын" білдірген, бірақ "террористерге қарсы әрекет бейбіт адамдарға зиянын тигізбеуі керек" деген. Бұл хабарға қарағанда, Ресей "бейбіт адамдарға тиген зардапды азайту және жанжалды тоқтату мәселесіне атсалысуға дайын екенін айтқан".

Бұған дейін Путин БАӘ мен Сауд Арабиясына барып, Мәскеуде Иран президентін қабылдаған. Президент Ибраһим Раиси Путинмен кездесуде Израильді "Газа секторында геноцид жасап жатыр" деп айыптаған, ал Путин қарсылық білдірмеген.

БҰҰ қауіпсіздік кеңесі 8 желтоқсанда Газа секторындағы атысты дереу тоқтату туралы резолюция қабылдай алмаған, оған АҚШ вето қойған еді. АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісінің орынбасары Роберт Вуд "шынайы өмірден алшақ резолюция" деп, оның өзгеріс әкеле қоятынына сенбейтінін білдірген. Вудтың сөзінше, құжатты жасаған авторлар ХАМАС-тың Израильге шабуыл жасағанын айыптамаған.
Жексенбіде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Вашингтон Газа секторындағы ұрыста гуманитарлық үзіліс жасалғанын қолдағанын, бірақ ХАМАС талқандалмай бітімге келуге қарсы екенін мәлімдеген.
  • ХАМАС 7 қазанда Израильге шабуыл жасаған. Шабуыл барысында 1200-ден аса адам өліп, 200-ден астам адамды ХАМАС кепілге алған, олардың бір бөлігі босатылған. Оған жауап ретінде Израиль ХАМАС бақылауындағы Газаға шабуыл бастаған. ХАМАС-тың бақылауындағы Газа секторындағы денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, Израиль шабуылынан Газа секторында 18 мыңға жуық адам қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG