Accessibility links

WSJ: ЦАХАЛ Газа секторында ХАМАС тоннельдеріне су толтыра бастады


Газадағы Әл-Шипа ауруханасы астындағы ХАМАС тоннелі.
Газадағы Әл-Шипа ауруханасы астындағы ХАМАС тоннелі.

Газа секторында Израиль армиясы (ЦАХАЛ) палестиналық ХАМАС тобы пайдаланатын тоннельдерді суға толтыра бастады. Бұл жөнінде Wall Street Journal басылымы жазды. ХАМАС тобы АҚШ және ЕО-да "террористік ұйым" деп танылған.

Вашингтонның пікірінше, бұл жиһадшылар оқ-дәрі мен қару-жарақтарын жасырып отырған тоннелдерді жойып, ХАМАС-тың инфрақұрылымын жоюға мүмкіндік береді. Операция бірнеше аптаға созылуы ықтимал.

Басылымның мәліметінше, кей Америка шенеуніктері теңіз суын жіберу Газа секторындағы тұщы суға қауіп төндіруі мүмкін, одан бөлек топырақты қауіпті заттармен ластайды ма деп те алаңдайды.

ЦАХАЛ тоннельдерді теңіз суымен толтыру туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді. WSJ жазуынша, қараша ортасында Израиль әскері Әш-Шатыр босқындар лагерінен солтүстікке қарай 1,5 шақырым жердегі кемінде бес сорғыны орнату жұмыстарын аяқтады. The Jerusalem Post газетінің жазуынша, сол кезде тоннельдерді суға толтыру жұмыстары басталған.

4 желтоқсанда ЦАХАЛ Газа секторында 800-ден астам тоннель табылғанын, 500-ін жарып жойғанын хабарлаған.

Израиль әскерінің мәліметінше, тоннельдер мектеп, спорт орталықтары, мешіт пен ауруханалардың астында орналасқан. Тоннельдер жүйесі туралы нақты мәлімет жоқ. ХАМАС жетекшісінің сөзінше, олардың ұзындығы 500 шақырымға жетеді, тереңдігі 35 метр. Бұл деректерді тексеру мүмкін емес.

ХАМАС көп жылдан бері жерасты жолдарын әскери мақсатта пайдаланады. Олар жерасты жолдарын Израиль аумағына кіру үшін де пайдаланады. ЦАХАЛ-дың айтуынша, 7 қазанда Израильге шабуылдаған кезде де осы әдісті қолданған.

Израильдегі терактіден 1200 адам қаза болды, 240-тан астам адам кепілдікке алынды. Бір аптаға созылған гуманитарлық операция кезінде 100-ден астам адам (әйелдер, балалар, шетел азаматтары) тұтқыннан босатылды.

ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израильдің қарымта шабуылынан бері 15 мыңнан астам адам қаза болған, басым бөлігі – әйелдер мен балалар.

XS
SM
MD
LG