Accessibility links

Decathlon Ресейге жасырын схемамен тауар тасымалдады деген күдікке ілінді


Журналистер француздың Decathlon фирмасының тауарларын Ресейге жасырын схемамен тасымалдау жолын әшкереледі, деп хабарлады "Халықаралық француз радиосы" (RFI) .

Спорт тауарларының ретейлері Decathlon компаниясы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейде жұмысын тоқтатқан. Бұдан соң фирма дүкендер желісін жергілікті кәсіпкерге сатқан. Ресей нарығынан кеткенін ресми түрде жариялаған француздың ірі сауда компаниясы спорт тауарларын Ресейге тасымалдау үшін жасырын схема жасаған, деп жазылған RFI мақаласында.

"Халықаралық француз радиосы" Францияның Disclose жобасы 19 желтоқсанда жариялаған зерттеуіне сүйенеді.

Басылым қол жеткізген құжаттарға сүйене отырып, Бангладеште тігілген Quechua, Wedze және Kalenji брендіндегі киім-кешектер Ресей нарығына жеткізілген деп тұжырымдайды. Аталған схемаға Decathlon басшылығы, компанияның Сингапурдағы өкілдігі мен Дубайдағы "төсеніш" фирмасының қатысы болуы мүмкін.

Disclose басылымының жазуынша, Ресейге тауарларды "жасырын экспорттауды" француз компаниясы қараша басында жолға қойған. Журналистер соның нәтижесінде компания 12 млн доллар пайда көрген деп санайды.

Зерттеушілер ретейлердің ішкі құжаттарына, француз компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің сөзіне, сонымен бірге ашық дереккөздерге сүйенген.

RFI мақаласында France-Presse агенттігіне сүйене отырып, Decathlon спорт дүкендер желісі француздың Mulliez компаниялар тобына тиесілі деп жазады. Мюльез Франциядағы бай отбасылардың бірі саналады. Mulliez компаниялар тобы Auchan және Leroy Merlin желілеріне иелік етеді.

Auchan дүкендері Ресейде басқыншылықтан кейін де жұмысын тоқтатпаған. Бұл сауда желісіне әлем бойынша кірісінің он пайызы Ресей нарығынан түседі.

2022 жылы наурызда Decathlon Ресейдегі желілерінің жабылғанын жариялап, онлайн-сауданы да тоқтатқанын хабарлаған. 2023 жылы қаңтарда ақпарат құралдары Decathlon Ресейдегі активтерін сатып алушыны іздеп жатқанын жазған.

Биыл шілдеде Ресей өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Виктор Евтухов Decathlon-ның Ресейдегі бизнесін сату бойынша келісімді "шетел инвестициясын бақылау жөніндегі үкімет комиссиясы мақұлдағанын" хабарлаған. Мәселе 35 дүкен және қойма жөнінде болып отыр.

Ресейде киім-кешек сатумен айналысатын, Mango испан фирмасының франшизасына ие АРМ компаниясы Decathlon бизнесінің жаңа иесі атанған.

2023 жылы қарашада аталған спорт дүкендері Ресейде Desport маркасымен қайта нарыққа шықты. Аталған дүкен желілерінде Decathlon тауарлары да пайда болған.

Decathlon компаниясы зерттеуге қатысты France-Presse агенттігіне берген түсініктемесінде "компанияның Ресейде дүкендері мен қызметкерлері жоқ және сол аумақта істейтін компанияларда үлесі жоқ" деп жауап берген.

XS
SM
MD
LG