Accessibility links

Шетелге кеткен украин азаматтары әскерге шақырыла бастайды


Украина қорғаныс министрі Рүстем Умеров
Украина қорғаныс министрі Рүстем Умеров

Украина келесі жылдан бастап шетелде жүрген украин азаматтарын әскерге шақыра бастайды. Германия және өзге елдерде тұрып жатқан 25-60 жастағы ер адамдар Украина қарулы күштерінің шақыру пунктеріне баруға міндетті. Бұл жөнінде Украина қорғаныс министрі Рүстем Умеров WELT TV, Bild және Politico басылымдарына берген сұхбатында айтқан.

Умеровтің айтуынша, мәселе тек шақыру пунктіне бару жөнінде ғана болып отыр.

"Біз әділдік болғанын қалаймыз, себебі мәселе өз еліміз жөнінде болып отыр. Біз оларға шақырту жібереміз. Егер олар өз еріктерімен келуден бас тартса, не істеу керектігін әзірге, талқылап жатырмыз" деді Умеров. Оның сөзіне қарағанда, шақырудан жалтарғандарға шектеу қойылуы мүмкін.

Украина күштері Ресей басқыншылығына төтеп беру үшін 450-500 мың жауынгерді әскерге алу қажеттігін айтып отыр. 19 желтоқсанда қорытынды баспасөз жиыны кезінде Украина президенті Владимир Зеленский мобилизацияны "өте нәзік мәселе" деп атады. Ол әскери басшылардан азаматтарды әскерге шақыру жоспарын пысықтауды өтінгенін айтты.

"Бұл өте үлкен сан. Ал маған көп аргумент керек" деді Зеленский.

Журналистер "мобилизацияның әйелдерге қатысы бола ма және әскерге алынатындардың жасын 27-ден 25-ке түсіру туралы өзгеріс енгізілсе, заң қабылдана ма?" деп сұраған. "Әйелдер бойынша – жоқ [яғни, әскерге шақырылмайды], ал жас мөлшерін 25-ке түсіру жөнінде өзгерту қажет сияқты" деді Зеленский.

Украинаның мемлекеттік статистика қызметінің мәліметінше, 2022 жылы елде 18-60 жаста 11 млн ер адам болған.

Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері 2023 жылдың тамыз айындағы мәлімет бойынша елден 2,4 млн украин азаматы шетелге кетіп оралмаған.

Тыйымға қарамастан соғыс кезінде шамамен 20 мың ер адам әскерден қашып, Украинадан заңсыз кеткен. Бұл жөнінде Румыния, Молдова, Польша, Венгрия және Словакиямен шекараны заңсыз кесу туралы деректерге сүйенген BBC ақпарат агенттігі хабарлады.

2022 жылы желтоқсанда Азаттық Украинаның Астанадағы елшілігі "Қазақстанға келген украин азаматтарының нақты санын айтпады, алайда ондағылар мәселе жүздеген емес, мыңдаған украин азаматы жөнінде болып отыр дейді" деп жазған.

XS
SM
MD
LG