Accessibility links

WSJ "Пригожиннің бүлігі" кезінде Ресей Тоқаевтан көмек сұрағанын жазды. Ақорда жоққа шығарды


Апатқа ұшыраған "ЧВК Вагнердің" жетекшісі Евгений Пригожин мінген ұшақтың бөлшектері.
Апатқа ұшыраған "ЧВК Вагнердің" жетекшісі Евгений Пригожин мінген ұшақтың бөлшектері.

"ЧВК Вагнердің" әскери бүлігі кезінде Ресей "Қазақстаннан да әскери қолдау болады деп үміттенген", алайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бас тартқан, деп жазды Ресей және Батыстың арнайы қызметіндегі дереккөздерге сүйенген Wall Street Journal басылымы. Басылым мақалада "ЧВК Вагнердің" жетекшісі Евгений Пригожиннің өліміне Ресей Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Николай Патрушевтің қатысы бар деп тұжырымдайды.

Басылымның жазуынша, Патрушев 2022 жылдың жазынан бері Ресей президенті Владимир Путинге "Пригожин Кремльге бағынбай, билікке қауіпті болып барады" деп ескертіп келген. Газеттің дерегінше, "ЧВК Вагнер" Украинадағы соғыста жетістіктерге жеткендіктен Патрушевтің сөзіне аса көп мән берілмеген. Жағдай сол жылы қазанда өзгерген.

2022 жылы қазанда Пригожин Путинге соғыста оқ-дәрі жетіспей жатқанын өте дөрекі түрде айтып шағымданған. WSJ-дің жазуынша, осыдан кейін Путин Пригожиннің телефон қоңырауларына жауап бермей, "ЧВК Вагнердің" жетекшісін елемей тастаған.

Биыл маусымда "ЧВК Вагнердің" әскери бүлігі басталғаннан кейін Патрушев "жағдайды қолына алды" деп жазылған мақалада.

Басылым дереккөздерінің хабарлауынша, Ресей Қауіпсіздік кеңесінің жетекшісі Пригожинді жақтаушы офицерлерге хабарласып, "ЧВК Вагнердің" жетекшісін бүлікті тоқтатуға көндіруін сұраған. Патрушев сонымен бірге көрші елдердің көмегімен де мәселені шешуге тырысқан. Атап айтқанда, Беларусь басшысы Александр Лукашенкомен ара ағайындық жөнінде келіскен.

Мақала авторларының жазуынша, бұдан бөлек, Патрушев Қазақстаннан да әскери көмек сұраған, алайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бас тартқан.

"Қазақстанға қоңырау шалудағы мақсат – ең нашар сценарийден сақтану болатын. Бір жыл бұрын ол жақта тәртіпсіздік тұтанған кезде Ресей ҰҚШҰ әскерін жіберген еді. Егер Ресей әскері "бүлікшілерді" тежей алмаса, Қазақстан ұсынысты жерде қалдырмайды деген үміт пайда болған. Алайда Ресей Украинаға басып кіргелі бері өзін Мәскеуден алшақ ұстай бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев одан бас тартты" деп басылым Батыс барлау қызметінің өкілі және Ресей барлау қызметінің бұрынғы қызметкерінің сөзінен үзінді келтіреді.

WSJ басылымының жазуынша, "Пригожин бүлігінен" кейін Патрушев қоластындағыларға Пригожиннің көзін құрту жоспарын әзірлеуді тапсырған. Нәтижесінде Мәскеу әуежайында Пригожин ұшаққа мінейін деп тұрғанда ұшақтың қанатына бомба қойылған деп жазды дереккөздерге сүйенген басылым. Ұшақ әуеге көтерілгенде жарылған.

Ресей билігі әзірге мақалаға қатысты реакция білдірмеді.

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Tengrinews агенттігіне "ақпарат шындыққа сәйкес келмейді" деп мәлімдеді.

The Wall Street Journal бұған дейін де аты-жөнін айтпаған Америка шенеуніктеріне сүйене отырып, Пригожинге қастандық жасалған болуы мүмкін деп жазған. Басылымның жазуынша, ұшақ құлаған орын бульдозермен тазартылған, бұл халықаралық құқыққа қайшы дейді басылым.

  • 23 тамызда Евгений Пригожин мінген жекеменшік Embraer ұшағы әуеде жарылып, Пригожин де, серіктері де өлген.
  • Өлерінен екі ай бұрын Пригожин бастаған жасақ Ресей қорғаныс министрлігіне қарсы бүлік шығарып, Мәскеуге кіруге аз-ақ қалған еді.
  • Ресей президенті Владимир Путин бастапқыда "Вагнер" мемлекетке сатқындық жасады деп айыптаған, Пригожиннің үстінен қылмыстық іс қозғатқан. Кейін Александр Лукашенконың араласуымен "Вагнер" беларусь жеріне кеткен. Путин бүлікшілерді қудаламауға уәде берген. Пригожин ұшағы жарылғанда Ресей президенті "тергеу комитетінің айтуына қарағанда ұшақтағы оқ-дәрі жарылған" дейтін емеурін тастаған. Тергеу әлі аяқталмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG