Accessibility links

Ырғызда жеті оқушы жол апатына ұшыраған. Басында бес оқушы туралы ғана айтылған еді


Жарысқа бара жатқан оқушылар мінген LADA Priora жолда тұр. Ақтөбе облысы, 19 желтоқсан, 2023 жыл. Ақтөбе облыстық полиция департаменті таратқан фото
Жарысқа бара жатқан оқушылар мінген LADA Priora жолда тұр. Ақтөбе облысы, 19 желтоқсан, 2023 жыл. Ақтөбе облыстық полиция департаменті таратқан фото

Ақтөбеде пәндік олимпиадаға кетіп бара жатып жол апатына ұшыраған балалардың саны ресми деректе айтылғандай бесеу емес, жетеу екені белгілі болды. Оның бесеуі Ырғыз ауданындағы Жаныс би, екеуі Құмтоғай ауылынан. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, пәндік олимпиадаға LADA Priora көлігімен шыққан құмтоғайлық балалар жүк көлігімен соқтығысқан Toyota Alphart-тың артында келе жатқан.

Желіде тараған суретте LADA Priora көлігінің алды бүлінгені байқалады.

Бір мұғалім мен екі оқушы мерт болған жол апаты кезінде Volvo, Toyota Alphart пен LADA Priora маркалы үш көліктің бүлінгенін Ақтөбе облыстық полициясы да растады.

Ырғыз ауданы Құмтоғай ауылындағы орта мектеп директоры Алмагүл Айтжанованың сөзінше, жол апаты кезінде алдыңғы бампері бүлінген LADA Priora көлігінде 15-16 жастағы екі ер бала мен екі педагог болған. Көлік салонындағы бес адамның барлығы аман.

- Екі оқушының бірі - менің ұлым. Оныншы сыныпта оқиды. Екінші бала он бірінші сыныптан. Жол-көлік оқиғасына ұшырамас бұрын балалар ұйықтап келе жатқан. Алдыңғы көліктің жолаушылары зардап шеккенін көрген соң мұғалімдер екі баланың психикасын ойлап, көліктен шығармай қояды. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем біздің балаларға да алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Сол жерде психологтар да жұмыс істеген, - дейді Алмагүл Айтжанова.

Республикалық пәндік олимпиаданың бірінші күні Ырғызға Құмтоғай ауылынан жалпы саны жеті оқушы жіберілген. Оның бесеуі (қыз балалар) өзге көлікте болған. Олар ауданға LADA Priora-дан бұрын жетіп, пәндік олимпиадаға қатысқан.

Құмтоғай мектебінің директоры Алмагүл Айтжанова жол-көлік оқиғасына ұшыраған екі ер баланың да олимпиадаға қатысқанын айтады. Ал ертеңінде, 20 желтоқсанда Құмтоғайдан Ырғызға баруы тиіс тағы жеті оқушының ата-анасы қарсылық білдіргендіктен олар олимпиадаға бара алмаған.

Ырғыз аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Бөлекбаева, жол апатына ұшыраған балалардың бесеу емес, жетеу екенінен бейхабар. Бөлекбаева республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне жалпы саны 219 оқушы қатысқанын айтады.

22 желтоқсанда Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров БАҚ өкілдерімен өткізген кездесуде Азаттық "құмтоғайлық екі оқушының ресми дерекке енбеуі оқиғаның масштабын кішірейту мақсатында жасалған әрекет емес пе?" деп сұраған еді.

Асхат Шахаров "Біз Alphart бойынша ғана [ақпарат] бердік қой... Бір машинаның ғана жағдайын айттық. Жалпы тергеу бітсін, бәрін толық айтамыз" деді.

19 желтоқсанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Жаныс би ауылынан шыққан Toyota Alphard көлігі республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңіне бара жатып, Ырғызға 50 шақырым қалғанда апатқа ұшыраған. Самара – Шымкент бағытындағы тас жолда үлкен жүк көлігімен соқтығысқан Toyota Alphard-тың салонында екі мұғалім мен 14-16 жастағы бес оқушы болған. Жеңіл көліктегі бір мұғалім мен екі бала тіл тартпай кеткен.
21 желтоқсанда Ырғыз аудандық соты рөлде болған мұғалім Жандос Шамшаддинді тергеу кезінде екі ай абақтыда қамауда ұстауға шешім шығарды.

Осы апаттан соң елдегі мектептерге арнайы автобус жетіспейтіні айтылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG