10 қаңтарда блогер, азаматтық белсенді Нұрәлі Әйтеленов адвокат Гүлнар Жуаспаеваны қолдап, Алматы қалалық сотының алдына пикетке шықты. Ол "тәуелсіз адвокатқа тиіспеңдер!" деген талап қойды.
Нұрәлі Әйтеленов адвокатты лицензиясынан айыруы мүмкін деп қауіптенеді. Ол адвокатқа тағылған айыптар негізсіз деп санайды.
– Адвокат Гүлнар Жуаспаеваны жайына қалдыруын талап етемін. Оның кәсіби қызметіне, адамдарды қорғауына кедергі болмаңдар деп талап етемін, – деді ол журналистерге.
Белсендіге Алматы әкімдігі ертең, 11 қаңтарда да осындай пикет өткізуге рұқсат берген. Әйтеленовтің айтуынша, 2022 жылы өзіне қарсы қозғалған істе Жуаспаева оны екі рет қорғап, сотта жеңіп шыққан.
Ол құқық қорғау органы қызметкерлерінің жұмысын бақылайтын "Нурали kz Айтеленов" деген YouTube арнаны жүргізеді. Арнаның 28,4 мың жазылушысы бар.
Белсендінің пикеті туралы естіп, Алматы қалалық сот алдына құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов те келген. Ол "азаматтық қоғам Жуаспаеваның жағында" деді.
– Гүлнар Жуаспаева 2012 жылғы сот процестерінен бері азаматтық құқықтар мен бостандықты қорғайтын белсенді адвокат ретінде танылды. Жаңаөзен оқиғасынан бастап мұнайшыларды қорғады. Оны сол кезде судьядан азаптау істерін қарауды талап еткен адвокаттардың алғашқысы деуге болады. 10-12 жыл ішінде Гүлнар Жуаспаева мен қызы біздің құқықтарымыз бен бостандығымызды белсенді қорғап жүр, - деді Ағелеуов.
8 желтоқсанда Алматының Түркісіб аудандық соты адвокат Гүлнар Жуаспаеваға Қаңтарда ондаған адамды азаптаған ҰҚК-нің 11 қызметкерінің ісі бойынша жеке қаулы шығарған. Түркісіб ауданының судьясы Дінасыл Жанатқызы адвокат Жуаспаеваны бірнеше норманы бұзды деп айыптап, адвокат лицензиясынан айыруды ұсынған. Қаулыда "Жуаспаева жабық сотта айтылған фактілерді жария етті, журналистерге сұхбат берді, баспасөз жиынын өткізді, сотты құрметтемеді, қызметтік этиканы сақтамады, сот туралы ешкімге айтпау туралы құжатқа қол қойған жоқ" деп жазылған.
Бұл - Жуаспаеваға қарсы шыққан алғашқы қаулы емес. Оған биыл құқық қорғаушылар саяси сот деп тапқан кемі үш сотта осыған ұқсас шағым түскен. Соның бірі Қаңтар оқиғасында Алматы әуежайын басып алу ісінің аппеляциялық сотында Жуаспаеваға процестің онлайн өткеніне наразы болғаны үшін "сот процесіне кедергі келтірді" деген қаулы шыққан.
Адвокатқа қатысты жеке қаулыны әділет министрлігі мен адвокаттар алқасы қарайды. Әзірше ешқайсысының шешімі шыққан жоқ.
ПІКІРЛЕР