Астанада ұлттық қорғаныс университетінің алдына қойылған Назарбаев ескерткіші алынды. Бұл жөнінде алғашқылардың бірі болып Elmedia телеграм-арнасы хабарлады. Желідегі фотодан құлаған ескерткіштің қоймада жатқаны көрінеді.
Университет өкілдері ескерткіштің алынғанын Азаттыққа растады.
“Бір сенбіде... 6 қаңтарда алынды ғой деймін. Толық ақпаратты басшылардан сұраңыз” деді оқу орнының аты-жөні атамаған қызметкері. Университеттің тағы бір өкілі "қорғаныс министрлігі БАҚ өкілдеріне ресми ақпарат дайындап жатыр" деп жауап берді.
Азаттық университетке де барып, ескерткішті тексеріп қайтты. Оқу орнына барған Азаттық тілшісін күзет ішке кіргізбей, “бұл — стратегиялық нысан” деді. Ескерткіштің қазір қайда екені белгісіз. Интернетте тараған суреттердің бірінде ескерткіш қоймада жатқаны көрінеді.
Басында фуражкасы бар әскери форма киген Назарбаевтың статуясы 2020 жылы экс-президент 80 жасқа толуына орай ашылған. Ескерткіштің ашылуына президент Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн қатысқан.
- Сарапшылар Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев тұсында елде жеке басқа табыну өршігенін айтқан. Елдің түрлі аймақтарында Назарбаев ескерткіштері мен мүсіндері ашылып, университет, қала, көше атауларына соның есімі берілді. Елде оны мадақтайтын жырлар, өлеңдер, кітаптар басылды. Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қанды Қаңтардан кейін елде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы әлсірегені жөнінде пікір айтылды. Қаңтар кезінде Талдықорғанда оның ескерткіші қиратылды. Оның айналасындағы адамдардың кейбірі қызметтен алынып, кейбірі қамалды. Оның ықпалын әлсірететін бірқатар заңнамалық бастамалар көтерілді. Экс-президент "елбасы" мәртебесінен де айырылды. "Бірінші президент — Елбасы туралы" заң Назарбаевтың жеке басына ғана емес, оның жақын туыстарына да құқықтық иммунитет берген.
ПІКІРЛЕР