Accessibility links

Жетібайдағы наразылық: тағы бірнеше ереуілшіні жұмыстан шығару туралы бұйрық шықты


West Oil Software жұмысшыларының ереуілі. Манғыстау облысы, 15 желтоқсан 2023 жыл.
West Oil Software жұмысшыларының ереуілі. Манғыстау облысы, 15 желтоқсан 2023 жыл.

12 қаңтарда West Oil Software компаниясының басшылығы 11 жұмысшымен еңбек келісімшартын бұзу туралы бұйрық шығарды. Бұйрықтың көшірмелерін Азаттыққа Жетібайда бір айдан астам уақыт бойы еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, ереуілдеген жұмысшылар жіберді.

Компанияның директоры Т.Қаржаубаевтың қолы бар бұйрықта жұмысшыларды жұмыстан шығаруға Қарақия аудандық прокуратурасының 11 желтоқсан күнгі ереуілді заңсыз тану туралы шешімі негіз болғаны жазылған. Сол кезде сот жұмыс берушінің арызын бір күн ішінде наразыларсыз өткізген.

Жуырда West Oil Software компаниясының басшылығы "жұмысқа оралмаған ереуілшілерді" 12 қаңтардан бастап жұмыстан шығара бастайтынын ескерткен. Жұмысшыларға ескерту де тапсырылған. Ереуілдеген шамамен 500 адам талаптары орындалмайынша ереуілді тоқтатпайтынын айтты.

West Oil Software компаниясының жүздеген жұмысшысы компанияны "ҚазМұнайгаз" құрылымына қосуды, ЕСОТ жүйесіне сәйкес жалақыны теңестіру, техниканы жаңартуды талап етеді. Бұған дейін "ҚазМұнайгаз" техниканы жаңарту туралы талаптан басқаларын орындай алмайтынын мәлімдеген. Ал West oil жұмысшылары шарасы таусылғандықтан Астанаға өкілдерін жібергенін, алайда мәжіліс депутаттарымен жолыға алмағанын айтқан. Кей жұмысшылардың сөзінше, бес жыл бұрын оларды өздерінің келісімінсіз ҚМГ-ға еншілес "Ойл Транспорт Корпорейшэннан" жеке компанияға ауыстырып жіберген.

2017-2018 жылдары "ҚазМұнайгаз" мұнай өндірісі төмендегенін алға тартып, төрт мыңға жуық адамды өзіне қарасты құрылымдардан шығарып жіберген. Компания қысқартуға ұшырағандарға өтемақы қарастыратын бағдарламаға ондаған млрд теңге бөлген.

XS
SM
MD
LG