Accessibility links

West oil жұмысшылары бірнеше адамды полицияға шақырғанын мәлімдеп, ереуілшілерге қысым жасамауды талап етті


West Oil Software жұмысшылары ереуілде тұр. Маңғыстау облысы, 15 желтоқсан 2023 жыл.
West Oil Software жұмысшылары ереуілде тұр. Маңғыстау облысы, 15 желтоқсан 2023 жыл.

West oil software компаниясының ереуілде тұрған жүздеген жұмысшысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, ереуілшілерге қысымды тоқтатуды талап етті.

13 қаңтар күнгі үндеуінде жұмысшылар жуырда жұмыстан шығарылған 7 ереуілшіні бүгін Ақтауға полицияға шақырғанын айтады. Ақпаратқа қарағанда, оларды 402-баппен (“Сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға арандататын әрекеттер”) қозғалған қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде шақырған.

“...500-ден астам азаматтың үнін естімей, тек қысым көрсету зайырлы демократиялық елге сын емес пе?! Ереуілде тұрған азаматтардың құқықтарын таптамауды талап етеміз” дейді үндеуді оқыған жұмысшылардың бірі.

Әзірге Ақтау полициясы түсініктеме берген жоқ. Жұмысшылар бұған дейін де қысымға шағымданған.

12 қаңтарда West Oil Software компаниясының басшылығы 11 жұмысшымен еңбек келісімшартын бұзу туралы бұйрық шығарған. Бұйрықтың көшірмелерін Азаттыққа Жетібайда бір айдан астам уақыт бойы еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, ереуілдеген жұмысшылар жіберді.

Компанияның директоры Т.Қаржаубаевтың қолы бар бұйрықта жұмысшыларды жұмыстан шығаруға Қарақия аудандық прокуратурасының 11 желтоқсан күнгі ереуілді заңсыз тану туралы шешімі негіз болғаны жазылған. Сол кезде сот жұмыс берушінің арызын бір күн ішінде наразыларсыз өткізген.

Жуырда West Oil Software компаниясының басшылығы "жұмысқа оралмаған ереуілшілерді" 12 қаңтардан бастап жұмыстан шығара бастайтынын ескерткен. Жұмысшыларға ескерту де тапсырылған. Ереуілдеген шамамен 500 адам талаптары орындалмайынша ереуілді тоқтатпайтынын айтты.

West Oil Software компаниясының жүздеген жұмысшысы компанияны "ҚазМұнайгаз" құрылымына қосуды, ЕСОТ жүйесіне сәйкес жалақыны теңестіру, техниканы жаңартуды талап етеді. Бұған дейін "ҚазМұнайгаз" техниканы жаңарту туралы талаптан басқаларын орындай алмайтынын мәлімдеген. Ал West oil жұмысшылары шарасы таусылғандықтан Астанаға өкілдерін жібергенін, алайда мәжіліс депутаттарымен жолыға алмағанын айтқан. Кей жұмысшылардың сөзінше, бес жыл бұрын оларды өздерінің келісімінсіз ҚМГ-ға еншілес "Ойл Транспорт Корпорейшэннан" жеке компанияға ауыстырып жіберген.

2017-2018 жылдары "ҚазМұнайгаз" мұнай өндірісі төмендегенін алға тартып, төрт мыңға жуық адамды өзіне қарасты құрылымдардан шығарып жіберген. Компания қысқартуға ұшырағандарға өтемақы қарастыратын бағдарламаға ондаған млрд теңге бөлген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG