Accessibility links

Башқұртстанда астана орталығына жүздеген адам жиналды. Ұсталғандар бар


Арқасына "Қара халық" деп жазып алған Алсыновты қолдаушылардың бірі. Полиция оны ұстап әкетті.
Арқасына "Қара халық" деп жазып алған Алсыновты қолдаушылардың бірі. Полиция оны ұстап әкетті.

Башқұртстан астанасы Уфа қаласының орталығына 19 қаңтарда таңертең жүздеген адам жиналды. SotaVision басылымы 1,5 мың адам жиналды деп бағалады. Акцияға жуырда 4 жылға түрмеге кесілген белсенді Фаил Алсыновтың жақтастары шақырған. Оған үкім шыққан күні Баймақ қаласында жұрт пен полиция қақтығысып қалды.

Жұма күні Уфада жиналғандар алаңда серуендеп, башқұрт әндерін айтты. Полицейлерге олар жәй серуендеп жүргенін айтқан.

Соған қарамастан арнайы жасақ бірнеше адамды ұстаған. Арасында арқасына Алсыновтың сөзінен үзінді ("Қара халық") жазылған плакат жапсырып алған қыз да бар.

Жиналғандар полицейлерге алаңнан төрт адамды ұстап әкетуіне кедергі жасауға тырысып, арнайы жасақпен тартысып қалған. Оннан астам адам ұсталғаны хабарланды.

Башқұртстан ішкі істер министрігі рұқсат етілмеген акцияға қатысқандарды жауапқа тартатынын ескертті.

Сәрсенбі күні Баймақ қалалық сотында экобелсенді Фаил Алсыновқа үкім оқылып, белсенді төрт жыл түрмеге кесілген. Сот ғимараты алдына бірнеше мың адам жиналып, Күштауды қорғап жүрген белсендіні босатуды талап еткен.

Полиция жұртты сот ғимаратынан тықсыруға тырысып, халық пен полиция қақтығысып қалды. Куәгерлердің сөзінше, арнайы жасақ халыққа жас ағызатын газ шашып, жарқылдақ граната пайдаланған. Жұртты резеңке таяқпен ұрған.

Акциядан кейін ондаған адам ұсталған. Шамамен 20 шақты адам медициналық көмекке жүгінген. Ақыры бірнеше адам әкімшілік қамауға алынған.

Тергеу комитеті жаппай тәртіпсіздік және билік өкіліне күш қолдану бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Башқұртстан басшысы Радий Хабиров "экстремизм мен жағдайды шайқалтуға тырысу жайттары жазаланатынын" ескертіп, ұйымдастырушылардың "шынайы келбетін әшкерелейтінін" айтты.

Экобелсенді Фаил Алсыновқа "алауыздық қоздыру" бабы бойынша айып тағылған. Ол айыпты жоққа шығарады. Ресей билігі Алсынов жетекшілік ететін "Башқұрт" ұйымын 2020 жылы экстремистік ұйым деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған.

2018 жылы Күштау тауы әк өндіру үшін башқұрт сода кәсіпорнына беріліп, жергілікті халық шешімге қарсылық білдірді. Күштауды қорғаған көп белсенді наразылықтан кейін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG