Accessibility links

Reuters: Ресей мұнайының едәуір бөлігін сата алмай отыр


Сахалиндегі Аркутун-Даги кеніші.
Сахалиндегі Аркутун-Даги кеніші.

Төлем мәселесіне байланысты Ресей бірнеше аптадан бері "Сахалин-1" жобасы аясында өндірген мұнайының едәуір бөлігін сата алмай отыр, деп жазды Reuters агенттігі.

Reuters-тің мәліметінше, 10 млн баррель Ресей мұнайын тиеген 14 танкер бірнеше аптадан бері Оңтүстік Корея жағалауларында тұрып қалған. Олар экспорттаушы "Роснефть" пен үнділік импорттаушы компания Indian Oil Co арасындағы мұнай төлеміне байланысты даудың шешілуін күтіп отыр.

Былтыр Америка санкциясынан қауіптенген үнділік компания мұнайды доллар емес, рупиймен төлеуді ұсынған. Ресейлік компаниялар рупийді қабылдаудан бас тартқан, себебі ол конвертацияға келмейді. Ал Ресейдің Үндістанға экспорттайтын мұнай көлемі аса көп емес. Үндістан Ресеймен уақытша юань, гонконг доллары және БАӘ дирхамымен төлем жасасқан. Алайда БАӘ мұндай операциялар үшін қосымша бақылау енгізген, ал Үндістан өзіне бәсеке мемлекеттің валютасын, яғни юанды пайдаланғысы келмейді.

Reuters-тің жазуынша, танкерлердегі мұнай көлемі "Сахалин-1" жобасы аясында 1,5 айда өндірілетін мұнай көлеміне пара-пар. Үнділік компаниядағы дереккөзге қарағанда, олар алдағы уақытта жаңа мұнай тасымалын күтіп отырған жоқ. "Роснефть" пен Indian Oil Co өкілдері Reuters-ке жауап бермеген.

"Сахалин-1" жобасы аясында мұнай-газ өндірумен айналысатын халықаралық консорциумға кіретін америкалық ExxonMobil концерні 2022 жылы наурыз айында Ресейдің Украинаға басып кіруіне жауап ретінде жобадан кететінін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG