Дохада (Катар) су спорт түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Эдуард Ким мен Нарғыза Болатова әртістік жүзуден алтын медаль (аралас жұп, техникалық бағдарламада) алды.
Қазылар қазақстандық жұптың өнеріне 228,0050 ұпай берді. Күмісті қытай жұбы Хаоюй Ши мен Вэньтао Чен (223.3166 ұпай), қоланы мексикалық Диего Вильялобос пен Миранда Баррера (217.4692) иеленді.
18 жастағы Ким мен 20 жастағы Болатова финалға 4-орынмен шыққан еді.
Бұл – Қазақстанның су спорты түрлерінен әлем чемпионатында иеленген алғашқы алтыны.
Дохада Эдуард Ким мен Нарғыза Болатова аралас жұптың еркін бағдарламасында да медальға таласады. Бұдан бөлек, Эдуард Ким ерлер арасында жекелей сында да жарысқа қатысады.
- Эдуард Ким былтыр Фукуокада (Жапония) өткен әлем біріншілігінде ерлер арасындағы әртістік жүзудің техникалық бағдарламасында қола медаль алған еді.
- Әртістік жүзуден ерлер арасындағы жарыс пен аралас жарыс олимпиада бағдарламасына енбейді.
ПІКІРЛЕР