7 ақпанда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев "мемлекеттік органдар қателіктер мен олқылықтардан сабақ алмайды, соның кесірінен коммуналдық-энергетикалық сектор қазіргі мүшкіл халге жетіп отыр" деп мәлімдеді. Ол үкіметке 2024 жылы әбден тозығы жеткен 19 жылу орталығын жаңартуды аяқтауды тапсырды. Ол Алматыдағы екінші жылу электр орталығындағы бу-газ қондырғысының құрылысы созылып кеткенін де сынаған.
"Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің энергоблогын қалпына келтіре алмай жүргенімізге он жылдан асты (2012 жылдан бері). Сонымен бірге Екібастұздағы екінші ГРЭС-ті кеңейту және күрделі жөндеу жобасы уақытылы жүзеге асырылмай жатыр. Үкімет, ең алдымен, биыл апатты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауға тиіс. Сонымен қатар қуаты 700 мегаваттан асатын қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету керек. Белгіленген мерзімді шегеруге болмайды" деді Тоқаев.
"Жаңа үкіметтің" кеңейтілген отырысы тікелей эфирде көрсетілмеді. Президенттің сөзін Ақорда сайты Телеграм-парақшасында жариялап отырды. Ақпарат құралдары президенттің сөзін басқа бөлмеге қойылған монитордан бақылаған.
Тоқаевтың айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан "электр, жылу, су өндіру және жеткізу қуатының тапшылығын" сезініп отыр. Бұл оның айтуынша, Балқаш жылу электр орталығы құрылысының аяқталмай қалуы, табиғи монополия субъектілерінің ашық жұмыс істемеуі, сондай-ақ тарифтердің өсімін қолдан тежеу сияқты "кезінде жіберілген қателіктердің салдары".
Тоқаев салаға түбегейлі реформа қажеттігін алға тартып, жүйелі жұмыс керектігін атап өткен. Мысалы, тарифтерді ұзақ уақытқа белгілеу керектігін, сонда "межелі уақыт ішінде салынған инвестиция ақталып, инфрақұрылым нысандары тиісті қалыпта сақталатынын" айтты. Ол табиғи монополия субъектілеріне тарифті белгілі бір табыс нормасына сай есептеп, бекітуге рұқсат беру қажеттігін айтты. Алайда бұл тұста "бақылау жүргізу аса маңызды, ресурстарды есептеу және деректерді онлайн режимде беру жүйесін енгізу керек" деді.
Қазақстанда жылу орталықтарында жиі апат болып, тұрғындар жиі жылусыз қалады. Былтыр энергетика министрлігі 2023 жылы жылу-энергетика нысандарын жөндеуге 146 миллиард теңге бөлінгенін, жылу беру маусымына дайындық жоғары деңгейде болғанын мәлімдеген. Алайда биылғы қыста да бірқатар өңірлерде қатты аяз кезінде жылу орталықтарында апат болып, жылу жүйесі мен электр станциялары істен шықты.
Былтыр қараша соңында Екібастұз жылу электр станциясында ірі апат болып, содан кейін елде жылу желілерінің әбден тозғандығы және инфрақұрылымдарды жаңалау үшін тарифтерді көтеру қажеттігі айтылған. Үкімет 2022 жылы желтоқсанда елдегі барлық 37 ЖЭС-тің 19-ы тозудың "қызыл" деңгейінде, 11-і "сары" деңгейде деп мәлімдеген еді. Тек жеті орталық "жасыл" аймақта қалды.
ПІКІРЛЕР