Accessibility links

Ырғыздағы оқушылар қаза тапқан жол апаты: Айыпталушы мұғалім сотта айыпты мойындады


Ырғыздағы жол апатына байланысты айыпталған мұғалім Жандос Шамшидиннің соты. Ақтөбе, 23 ақпан 2024 жыл.
Ырғыздағы жол апатына байланысты айыпталған мұғалім Жандос Шамшидиннің соты. Ақтөбе, 23 ақпан 2024 жыл.

23 ақпанда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оқушыларды пәндік олимпиадаға апара жатып, көлігі апатына ұшыраған мұғалімнің ісін қарай бастады. Сотқа Ырғыз ауданы Жаныс би ауылындағы орта мектептің 25 жастағы мұғалімі Жандос Шамшаддин тартылып жатыр. Тергеу оны "көлік жүргізу ережесін қағидасын бұзып, үш адамның өліміне себепкер болды" деп айыптайды. Айыпталушы Шамшаддин өзіне тағылған айыпты мойындап отыр.

2023 жылы 19 желтоқсанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Қызылжар ауылдық округіне қарасты Жаныс би ауылынан аудан орталығына бара жатқан 5 оқушы, 2 мұғалім мінген көлік жол апатына ұшыраған еді. Жол апатанына екі оқушы мен бір мұғалім қаза болған. Рөлде мұғалім Жандос Шамшаддин отырған.

Сотта айыптау актісін оқыған прокурор Асланбек Ибрашевтың сөзінше, Жандос Шамшаддин аудан орталығы Ырғызға барар жолда қарсы бағытқа шығып кетіп, рөлге ие бола алмай, Қырғызстан азаматы жүргізіп келе жатқан Volvo жүк көлігімен соқтығысқан.

Жарысқа бара жатқан оқушылар мінген LADA Priora жолда тұр. Ақтөбе облысы, 19 желтоқсан, 2023 жыл. Ақтөбе облыстық полиция департаменті таратқан фото
Оқушылар мінген LADA Priora мен жүк көлігі соқтығысқан жол апаты. Ақтөбе облысы, 19 желтоқсан, 2023 жыл.

Бүгін, 23 ақпанда сот залында жәбірленуші тарап өкілдері де болды. Бірақ олар журналистермен тілдесуден бас тартты. Айыпталушы Шамшаддиннің әкесі Сайран Бахманов та пікір білдіргісі келмеді.

Жол апатынан мерт болған оқушының бірі – сотталушы Жандос Шамшаддиннің туған қарындасы. Ал қаза тапқан 16 жастағы екінші ұл бала "Алтын белгіден" үміткер болған.

Осы апаттан соң елдегі мектептерге арнайы автобус жетіспейтіні айтылды. Ырғыз ауданы Жаныс би ауылындағы орта мектепте оқушыларды пәндік олимпиадаға апаратын көлік болмай мұғалім оқушыларды жекеменшік көлігімен алып шыққан.

Жол апатынан кейін мектебінің директоры Нұртілек Сүйеуге қатаң сөгіс жарияланды. Ал Ырғыз аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Бөлекбаеваға сөгіс берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG