Accessibility links

Жақтастары: Навальныйдың денесі анасына берілді


Алексей Навальныйдың денесі анасына берілді. Бұл жөнінде оның жақтастары хабарлады.

Марқұм саясаткердің баспасөз хатшысы Кира Ярмыш Х әлеуметтік желісінде Навальныйды жерлеу рәсімінің жай-жапсары кейін белгілі болатынын хабарлады.

«Оны отбасы қалағандай, Алексейдің өзіне лайықты түрде өткізуге билік мүмкіндік бере ме, жоқ па, оны әзірге білмейміз» деп жазды Ярмыш.

Ол Навальныйдың сүйегін туыстарына беруді талап еткен барша адамға алғыс айтты.

22 ақпанда саясаткердің анасы Людмила Навальная видеомәлімдеме жасап, өзіне ұлының денесін көрсеткенін және билік оны жасырын жерлегісі келетінін айтқан. 23 ақпанда тергеуші Варапаев Навальныйдың анасына "жерлеуді жасырын өткізесің", немесе "Навальныйды түрмеде жерлейміз" деп шарт қойғаны белгілі болды.

Анасының адвокаты тергеу комитетіне өтініш түсіріп, мәйітті қорлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды талап еткен.

24 ақпанда оппозиционердің әйелі Юлия Навальная видеомәлімдеме жасап, президент Владимир Путиннен мәйітті отбасына беруді талап еткен.

"Күйеуімнің денесін беріңдер. Біз оның жаназасын оқып, адам ұқсап жер қойнауына тапсырғымыз келеді. Ешқандай шарт қоймай, Алексейді беріңдер. Оны тірі кезінде азаптадыңдар, өлі күйінде де азаптап жатырсыңдар. Марқұмның денесін қорлап жатырсыңдар. Бұдан артық азғындық жоқ шығар. Сіздер адамзат заңын, құдай заңын бұзып жатырсыздар" деді Юлия Навальная.

  • Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный 16 ақпанда "Полярный волк" қатаң режимдегі колонияда көз жұмды. Оның қазасына қатысты берілген анықтамада саясаткер "табиғи себептерден қайтыс болғаны" жазылған. Саясаткер қаза болғанға дейін бірнеше күн бұрын тәртіп изоляторына 27 рет жөнелтілген.
  • Оппозиционердің жақтастары саясаткерді өлтірді деп санайды. Навальныйдың жесірі Юлия Навальная күйеуінің ісін жалғастыратынын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG