Бейсенбіде АҚШ президенті Джо Байден конгрессте елдің жағдайы туралы жыл сайынғы баяндама жасады.
Байден сөзін Украинаны қолдау қажет деген пікірден бастады. АҚШ президентінің тұжырымы бойынша, бостандық пен демократия ішкі және сыртқы шабуылдарға ұшырады: "Путин Украинаға басып кірді, ол Еуропа мен одан тыс жерлерге хаос таратып жатыр. Егер осы залдағы кейбіреулер Путин тоқтайды деп ойласа қателеседі, ол тоқтамайды. Біз Украина жағына шығып, өзін қорғайтын қару берсек, Украина Путинді тоқтата алады" деді Байден.
Әдетте мұндай баяндамада АҚШ президенттері бұрынғы басшыларға сын айтпайтын. Байден бұл дәстүрді бұзып, экс-президент әрі келесі сайлауда өзімен қарсылас болғалы жатқан Дональд Трампты сынға алды. Оның айтуынша, Трамп Ресей басшысының ығына жығылған. "Бұл шектен шыққан, қауіпті әрекет, бұлай істеуге болмайды. Біз Путинге қарсы тұруымыз керек" деді Джо Байден конгресстің қос палатасы мүшелері отырған залда сөйлеген сөзінде.
Байденнің сөзі 16 штатта өткен праймеризден кейінгі сайлауалды үндеу сияқты әсер қалдырды. Праймериз нәтижесі бойынша, қарашада өтетін сайлауда Байден мен Трамп тағы да президенттікке таласпақ. Жолдауында Байден Трамптың есімін атамай, алдыңғы басшылықты кінәлай сөйлеп, сайлау бағдарламасының негізгі пункттерімен таныстырды. Байден басты мақсаты – демократияны қорғау болатынын айтты әрі америкалық әйелдердің аборт жасау құқығын қалпына келтіруге уәде берді. Сайлаушылар демократтарға көбірек дауыс беріп, олар конгресстегі басым орынға ие болса, зейнеткерлерге дәрі-дәрмек санын арзандатып, бірінші рет пәтер алатын америкалықтарға ипотека бойынша жеңілдік жасауды қолға алатынын айтты.
АҚШ президентінің айтуынша, ел экономикасы жақсы қарқынмен өсіп келеді, елде инфляция төмендеп барады, ал экономика өсімі 3 пайыздан асқан. Президент корпорациялар мен миллиардерлерге салынатын салықты көбейтіп, бюджет дефицитін азайтуға уәде етті.
Мексикамен шекарадағы дағдарыс бойынша соңғы кездері Байден әкімшілігіне көп айып тағылатын. АҚШ президентінің айтуынша, ол мигранттар тасқынын бақылауға мүмкіндік беретін тиімді әдістер ұсынған, бірақ Трамп бастаған республикашылдар бұл ұсынысты өткізбей тастаған.
Демократиялық партия өкілдері Джо Байденнің сөзіне қошемет білдірсе, республикалықтар елдегі жағдай туралы баяндамасын сайлауалды насихатқа айналдырып жіберді деп сын айтты.
ПІКІРЛЕР