13 наурызда Алматы облысында жұрт жазушы Жұмабай Шаштайұлын ақтық сапарға шығарып салды.
Жамбыл ауданы Жамбыл ауылының мәдениет үйінде өткен қаралы рәсімге 100-ге тарта адам – зиялы қауым өкілдері, туған-туыс, марқұмның дос-жарандары жиналды. Билік өкілдерінен жаназаға Алматы облысының әкімі, ақпарат вице-министрі қатысты.
Қаралы жиын кезінде әріптестері жазушының әдебиетке қосқан үлесі, азаматтық ұстанымы жөнінде айтты. Жазушылар одағының бұрынғы төрағасы Нұрлан Оразалин жазушы Жұмабай Шаштайұлын "қаламының ұшынан қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ащы ақиқаттары мен шындықтары төгіліп түскен қайталанбайтын қалам иесі" деп атап, "кешегі күн (жазушы дүниеден өткен күн) Алматының зілзаласынан кейін ауыр күн болып елестеді" деді.
Ақын Бақыт Беделхан жазушының совет кезінде жазылған "Қызыл қар" романы сол тұста сынға ілігіп, 36 жылдан кейін қайта жарық көргенін де атап өтті. Жұмабай Шаштайұлы "Аспанқора", "Шал мен жылқы", "Құралайдың салқыны" сияқты шығармаларымен де оқырманға танылған.
Жұмабай Шаштайұлы 12 наурызда 73 жасында көз жұмды.
Ол әр жылдары "Жас Алаш", "Қазақ әдебиеті" және өзге басылымдарда басшылық қызмет атқарған. Qazaqstan ұлттық телеарнасында "Үзеңгі жолдас" бағдарламасын жүргізген.
Жазушының қазасына байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтты
ПІКІРЛЕР