Accessibility links

Белсенді Ақылбек Мұратовтың қамалуы: туысы Варшавадағы конференциядан кейін оған іс қозғалғанын хабарлады


Қарақалпақ белсенділері Ақылбек Мұратов (оң жақта) және Қошқарбай Төремұратов Наурызды тойлау кезінде. Алматы, 2022 жыл.
Қарақалпақ белсенділері Ақылбек Мұратов (оң жақта) және Қошқарбай Төремұратов Наурызды тойлау кезінде. Алматы, 2022 жыл.

Қамаудағы қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратовқа іс Варшавадағы ЕҚЫҰ конференциясынан кейін екі аптадан соң қозғалған, жиын кезінде қарақалпақ белсенділері сөйлеген. Бұл жөнінде Азаттыққа белсендінің әпкесі Фариза Нарбекова хабарлады.

Оның сөзінше, жиын кезінде айтылған қарақалпақ белсенділерін қудалау туралы баяндаманы Мұратов дайындаған.

Қарақалпақстан билігі оның сөзінде "діни экстремизм, сепаратизм және фундаментализм идеялары бар" деп санайды.

Фариза Нарбекованың сөзінше, 2023 жылы Мұратов Өзбекстанның арнайы қызметі сол жақтағы туыстарына қоқан-лоқы жасағанын хабарлаған. 2023 жылы қарашада Қарақалпақстан билігі Мұратовқа іздеу жариялаған. Нарбекованың айтуынша, бауыры бұл жөнінде білмеген. Сол кезде Нөкіс соты оны сырттай қамаған.

2024 жылы ақпанда Мұратов Алматыда ұсталғаннан кейін Нарбекованың сөзінше, Қарқалпақстан ішкі істер министрлігі Алматы полиция департаментіне өтініш жіберіп, Қазақстан полициясына құқық қорғаушыны "ұстауға көмектескені үшін" алғыс айтып, оны Өзбекстанға депортациялауды сұраған.

Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаға түсініктеме бермеді.

Ақылбек Мұратовты (Мұратбай) Алматы полициясы 15 ақпанда ұстаған. Ақпаратқа қарағанда, оны ұстауға "жаппай тәртіпсіздікке шақыру және қоғам қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке қатер төндіретін материалдарды тарату немесе көрсету" айыбы түрткі болған. 17 ақпанда Алматы соты оны 40 күнге қамаған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, егер Қазақстан билігіне осы уақыт аралығында Мұратовты экстрадициялау туралы өтініш түссе, онда өтініш қаралғанша оны қамау мерзімі бір жылға дейін ұзартылуы мүмкін.

Адам құқығы қорғау бюросының өкілі Денис Дживаганың HRW ұйымына айтуынша, Мұратовқа тағылған айыптар 2023 жылы қазанда Варшавадағы адамзат өлшемі бойынша конференциясындағы қарақалпақ белсенділерінің сөзімен байланысты. Жиыннан түсірілген видео YouTube-та жарияланған.

Өзбекстан азаматы 35 жастағы Мұратов Қазақстанда он жылдан астам уақыт тұрып келеді. 2022 жылы шілдеде Қарақалпақстанда наразылық акциялары күшпен басып-жаншылғаннан кейін Мұратов әлеуметтік желідегі парақшасында қарақалпақ белсенділерінің қудалануы туралы тұрақты түрде хабарлап отырған. Былтыр қазанда Өзбекстан арнайы қызметі Мұратовтың Өзбекстандағы туыстарына қоқан-лоқы жасағаны жөнінде хабар тараған. Арнайы қызмет туыстары арқылы Мұратов Қарақалпақстандағы оқиға туралы жазуын тоқтатсын деген. Өзбекстан бас консулының көмекшісі одан "журналистер жағдайды қыздырып, әсірелемес үшін сөздерінің реңкін сәл жұмсартуды" өтінген.

XS
SM
MD
LG