Accessibility links

Депутат: Қазақстан клиникалық сынақтан өтпеген Қытай дәрісін сатып алған


Инсулин.
Инсулин.

Қазақстан Қытайда шығарылатын, әлі клиникалық сынақтан өтпеген инсулинді сатып алған. Бұл туралы 18 наурызда парламент мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова мәлімдеді.

"Бұл дәріні дүниежүзінде тек екі ел — Қазақстан мен Латын Америкасының бір елі сатып алған. Оның әсері қандай болары әлі белгісіз, ол клиникалық сынақтан да өтпеген. Дәрігерлер мен емделушілер бұған наразы", — деді депутат. Нұрымованың айтуынша, Қытай дәрісін еуропалық инсулин бағасымен салыстырғанда үлкен айырмашылық жоқ.

Депутаттың мәліметінше, Қазақстанда 2014 жылы еуропалық инсулин тіркелген, ол бір жастан асқан балаға алуға болатын жалғыз инсулин. Былтыр оны тегін медициналық көмек ретінде берілетін, кепілдендірілген дәрі-дәрмек қатарына қосқан, бірақ пациенттер оны "белгісіз себептермен ала алмай отыр".

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қытайлық инсулиннің алғашқы партиясы былтыр сатып алынғанын мәлімдеді. Министр мен депутат сөзін "Власть" сайты жариялады.

"Бір жыл ішінде халықтан ешқандай шағым түскен жоқ. Балалар осыған дейін қолданып келе жатқан инсулинді бұдан кейін де алады", — деді министр.

Әлназарова "СК-Фармация" мен Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығында тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді. Тексеріс Қытай инсулинін "жылдам" тіркеуге біреу ықпал (лобби) жасады ма, жоқ па, соны анықтайды.

Дәрі-дәрмек жеткізуші бірыңғай дистрибьютор инсулин сатып алу заңға сәйкес жүзеге асты деп хабарлады. "СК-Фармация" дәрілерді денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 20 тамыздағы №88 бұйрығы бойынша бекітілген "қатаң тізбесі бойынша" сатып алатынын айтты. Онда халықаралық патент берілмеген атаулар, дәрінің сипаттамасы (дозасы, шығару түрі) көрсетілген дейді. Қазір тізімде инсулиннің оннан астам позициясы тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG