Accessibility links

Ресейдің Қазақстандағы дипломатия өкілдіктеріне жұрт гүл қойып, теракт құрбандарын еске алды


Астанадағы Ресей елшілігі және Алматыдағы Ресей консулдығына жұрт гүл қойып, шырақ жағып, жұмсақ ойыншықтар қойып жатыр. Осылайша Мәскеу түбіндегі "Крокус сити холдағы" терактіден қаза болғандарды еске алды.

Елшілікте көңіл айту кітабы ашылған.

23 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Ақорданың хабарлауынша, ол Мәскеу маңындағы қанды оқиғаны айыптаған.

Тоқаев "терроризмге қарсы күрес мәселесіне келгенде Қазақстан Ресеймен бірге екенін" растап, "ел азаматтарының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған" бірқатар тапсырма берген.

22 наурызда кешке Мәскеу маңындағы "Крокус сити холл" концерт залдың ішінде камуфляж киген бірнеше адам жұртқа оқ жаудырған, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты. "Крокус сити холдағы" қанды оқиға – 2004 жылы 300-ден астам адам қаза болған Бесландағы мектепке шабуылдан бергі ең ірі шабуыл.

Ресей тергеу комитетінің мәліметінше, кемінде 115 адам қаза болған. Жүзден астам адам жараланған.

Оқиғадан кейін ДАИШ-пен байланысты телеграм-арналар мәлімдеме жариялап, шабуылды мойнына алды.

23 наурызда Ресей билігі 11 адам ұсталғанын хабарлады, төртеуі шабуылға тікелей қатысы бары айтылды. ФСБ болжамынша, терактіден кейін күдіктілер Украина шекарасынан кесіп өтпек болған. Ол жақта "тиісті байланыстары" болған.

Ресей және әлем елдеріндегі қалаларда "Крокустағы" теракт құрбандарын еске алуға арналған мемориалдар пайда болып жатыр. Мәскеуде терактіден зардап шеккендерге қан тапсырғысы келгендер кезекке тұрды.

XS
SM
MD
LG