Accessibility links

Қазақстан ұлттық банкі су тасқынына байланысты базалық мөлшерлемені өзгертпеді


14,75 пайыздық базалық мөлшерлемені сақтап тұру туралы шешімнің себебін түсіндірген Қазақстан ұлттық банкінің төрағасы елдегі су тасқыны ахуалын алға тартты.

"Су тасқынының салдары тұрғысынан алғанда қандай да бір бұлыңғырлық бар. Базалық мөлшерлемені осы деңгейде сақтап қалуға сол да әсер етті. Су тасқынының бірнеше салдары болуы ықтимал. Бірінші кезекте әлеуметтік салдар, екіншіден су тасқыны болып жатқан аймақтарда кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндігінің шектелуі. Үшіншіден, су тасқынының зардаптарын жою үшін қажет болатын бюджеттік шығын мәселесі бар" деді ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов 12 сәуірде.

"Су әлі басылмағандықтан [базалық мөлшерлемені] осы деңгейде ұстап тұру қажет деп шештік" деді ол.

Оның сөзінше, биыл жылдық инфляция деңгейі 7,5–9,5 аралығында болмақ яғни, осыған дейін айтылған болжам өзгермейді.

Ақпан айында ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,75 пайызға дейін төмендеткен. 12 сәуірде ұлттық банк оны осы деңгейде ұстап тұру шешім қабылданғанын айтты. Базалық мөлшерлемеге қатысты келесі шешім мамыр айында қабылданбақ.

Қазақстанның батысы, солтүстігі мен шығысындағы су тасқыны – "табиғи апат" деп мәлімдеді 6 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Үкіметтің мәліметінше, Қазақстанның 8 аймағында төтенше жағдай режимі күшінде қала береді. 3,5 мыңнан астам жеке үй су астында қалды. 67 елдімекенге баратын жолды су шайып, қатынас үзілген. Су тасқыны аймақтарынан эвакуацияланғандар 100 мыңға таяды.

XS
SM
MD
LG