Accessibility links

Билік Петропавлда су жүйесі қалпына келгенін хабарлады, алайда тұрғындар мұны жоққа шығарды


14 сәуірде премьер-министрдің сайтында "Петропавл сумен қамтамасыз етілгені" жөнінде хабарлама жарияланды. Онда премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың "Қызылжар су" ЖШС-нің екінші деңгейдегі сорғы станциясын қалпына келтіру жұмыстарын тексергені" жазылған.

"Түнгі 00:00-ден кейін қаланың барлық ауданына су келе бастады. Резервке жеткілікті көлемде су жиналып, іске қосылды. Үздіксіз сумен қамтамасыз етіледі. Судың сапасы мен коагулянттардың қолжетімділігі қамтамасыз етілген" деді Роман Скляр.

Петропавл әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла да тұрғындарға осындай ақпарат таратты. Оның айтуынша, қалада сумен қамтамасыз етудің екі балама көзі іске қосылған. Петропавловск.news басылымы Айтолланың сөзін тексеріп көрген және көптеген аудандарда іс жүзінде су жоқ деген қорытындыға келген.

"Крандардан тіпті техникалық су ағып тұрған жоқ. Кеше және бүгін таңертең бір келіп, бір тоқтаған судың өзі жоқ. Оның сапасын әрине, айтпай ақ қояйық. Көптеген тұрғындардың айтуынша, ауладан әкелінген немесе еріген қар суы краннан аққан судан әлдеқайда тазарақ. Онымен еден жусаңыз, еденде мүңкіген иіс пайда болады. Мұндай суды тек дәретханада жуу үшін пайдалануға болады" деп жазды басылым 14 сәуірде.

Азаттық тілшілері 14 сәуірде күндіз Петропавлдан – су басқан Подгора ауылына жақын маңнан тікелей эфирге шыққан. Подгора тұрғындарының стихиялық жиынында қала әкімі Серік Мұхамедиев те болды. Ол Петропавлда үйлер мен пәтерлерде су жоғын растады. Оның сөзінше, су тұтынушыларға "енді-енді келуге тиіс". Ол 14 сәуір бір-екі сағатқа судың келгенін "тестік режим" деп атады.

Қала мен маңындағы ауылдарға ауыз суды 65 автокөлік тасып жатыр.

Бір күн бұрын Есіл өзені тасып, қала маңындағы Подгора, Заречный, Кожевина және өзге де аумақтарды су басқан. Аймақтан жалпы 7 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Мұз сорғы станцияларын электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған электр бағандарын бүлдірген.

Подгора ауылының тұрғыны Евгений Волков Азаттыққа ауылда өзінің үйі мен ұлының үйін су басқанын айтты. Ол ауылдың өзге тұрғындары секілді билік үйлерін аман алып қала алмағанына наразы. Ауылда өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері тұратын Волков "мұндай тасқынды бұрын-соңды көрмегенін" айтты.

Азаттық эфирі кезінде Мұхамедиев үйін су басқан тұрғындарға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 370 мың теңге) бір реттік қаржылай көмек берілетінін айтты.

XS
SM
MD
LG